Ақтөбе қаласының әкімі халықпен кездесу өткізді

Қала әкімі Асхат Шахаров және Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақовтың халықпен тұрақты кездесуі Пригородный тұрғын алабында өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тұрақты кездесуге үш мыңға жуық адам тұратын Пригородный, Шилісай және Садовое алаптарының тұрғындары қатысты.

Тұрғындар Шилісай елді мекенін сумен жабдықтау, сондай-ақ автомобиль жолдарын жөндеу, қоғамдық көлік жұмысы, көшелерді жарықтандыру бойынша өзекті мәселелерді көтерді.

Шилісай тұрғын алабының орталық көшесіндегі жолды жаңарту бойынша жұмыстарды жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да бар. Биыл осы жұмыспен айналысатын мердігерді анықтау мақсатында конкурс жарияланғанымен, конкурстық рәсім нәтижесінде мердігер анықталмады. Осыған байланысты бұл жолды жөндеу келесі жылдың жоспарына енгізілді. Медет Ысқақов, Аудан әкімі

Сурет: Ақтөбе әкімдігінің баспасөз қызметі

«Қоғамдық көлік қозғалысының кестесі қайта қаралды. № 29 бағыт Пригородныйдан Орталық базарға дейін жүреді. Күн сайын желіге орташа сыйымдылығы бар төрт автобус шығады. Қозғалыс аралығы-20-30 минут. Көліктің әбден ескіргені белгілі, осыған байланысты пазиктерді жаңа автобустарға ауыстыру жоспарлануда.

Бейбітшілік көшесінде жаяу жүргіншілер өткелі орнатылды.

Сондай - ақ, Пригородный Мәдениет үйіне қатысты мәселені шешу және Шилісай тұрғын алабын сумен жабдықтау жоспарлануда», - деді аудан әкімі.

Қала әкімі Асхат Шахаров келесі жылы тұрғын алаптардың инфрақұрылымын дамыту бойынша кең ауқымды жұмыстардың жүргізілетінін атап өтті:

Шилісай тұрғын алабын сумен жабдықтау мәселесі шын мәнінде өзекті. Бұл аумақта екі жыл бойы жер асты суларының қорын анықтау бойынша барлау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар болашақта тұрғындарға ауыз судың жеткілікті берілуі үшін қажет болды. Су құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайын және мемлекеттік сараптамадан да өтіп тұр. Алдағы қыста біз мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдерді өткізетін боламыз. Ал келесі жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Асхат Шахаров

Тұрғын үй алаптары үшін өзекті мәселе - қоғамдық көліктің жұмысы. Ол бойынша тұрғындардың сұрағына "Автопарк" ЖШС өкілі жауап берді:

Өздеріңіз білетіндей, жаңа Шилісай және ескі Шилісай бар. Күніне бес автобус жүреді. Қазір екі қоғамдық көліктің қосымша шығару үшін дайындап жатырмыз. Айдың соңына дейін осы екі автобусты маршрутқа қосамыз. Қуаныш Боранбаев, «Автопарк» ЖШС бөлім басшысы

Осы кездесуде Пригородный Мәдениет үйінің құрылысын бастау мәселесі көтерілді. Жергілікті тұрғындар мәдениет ошағында түрлі бағыттар бойынша үйірмелер ашу маңызды екенін атап өтті.

Сурет: Ақтөбе әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұдан соң тұрғында өз сұрақтарын жеке қабылдау барысында да жеткізе алды. Қала әкімі бөлім басшыларына азаматтардың мәселелерін заң аясында шешуге көмек көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ, тұрақты кездесудің соңында мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеу үшін өтініш білдіргендердің тұрғылықты жері бойынша мамандардың олармен бірге барып қарауы ұйымдастырылды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: