1993 жылы 15 қарашада сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен алғаш рет Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге айналымға енгізілді. Тәуелсіздігін жаңа алған мемлекеттің өз валютасын қолданысқа енгізуі егемендігімізді айшықтай түсті.
Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алғанымен, теңгенің тарихы тереңде жатыр. "Таньга" сөзі ең алғаш XV ғасырда Отырар қаласында қолданылды деген деректер бар. Сол кездегі халық алғашқы күміс манетаны "таньга" деп атаған. Осы деректерге көз жүгірте отырып әрі ұқсас атау болсын деген ниетпен ұлттық валютамыз "теңге" деп аталды.
1993 жылы алғашқы тиындар қағаз түрінде басылып шықты. Кейіннен қағаз тиындар қолданыстан шығарылып, манета түрінде басыла бастады. Ең алғаш рет 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттар шыққан еді.
Қазақ валютасын суретпен көркемдеген суретшілер Тимур Сүлейменовті, Меңдібай Алинды, Ағымсалы Дүзелхановты, Қайролла Әбжәлеловті айтпай кетуге болмайды. Ең алғаш Ұлттық банк теңге купюрасының үлгісін бекіткенде осы суретшілер Англияға аттанды. Кейіннен купюрадағы суреттер бекітіліп, алғаш рет теңге Ұлыбританияда басылып шықты.
Ұлттық валютаның бірінші сериясы "Портреттер" деген атаумен басылып шықты. Онда қазақтың ғұламаларының портреті бар еді. Дәлірек айтқанда:
әл-Фарабидің портреті 1 теңгеде
Сурет: bf.kz
Сүйінбайдың портреті 3 теңгеде
Сурет: bf.kz
Құрманғазының портреті 5 теңгеде
Сурет: bf.kz
Шоқан Уәлихановтың портреті 10 теңгеде
Сурет: bf.kz
Абай Құнанбаевтың портреті 20 теңгеде
Сурет: bf.kz
Әбілқайыр ханның портреті 50 теңгеде
Сурет: bf.kz
Абылай ханның портреті 100 теңгеде бейнеленді.
Сурет: bf.kz
Кейіннен 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.
Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалады. Дегенмен, еліміздегі саяси, әлеуметтік мәселелер ескеріліп, кейіннен 1 теңге 500 сом болып бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болған еді.
Бұдан кейін жаңа үлгідегі банкноттар 2006 жылы басылып шықты. Бұл жолғы дизайн алғашқыға ұқсамайды. 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарда мемлекеттік рәміздер, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтары, бір сөзбен айтқанда Қазақстанның осы заманғы көрінісі, тарихи орындары бейнеленген.
Сурет: bf.kz
Сурет: bf.kz
2011 жылдан бастап ұлттық валютаның төртінші сериасы, жаңа түрі қазақстандықтардың қолына түсе бастады. "Самұрық" деп аталатын серияға 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар кірген. Бұл банкноттардың бір бетінде "Қазақ елі" монументі және ұшып тұрған көгершіндер бар. Екінші бетіне суретшілер елорда панорамасын, Алматы панорамасын, Ертіс өзені мен Үстіртті орналастырған.
Сурет: bf.kz
Сурет: bf.kz
Ұлттық теңгеміз 17 қорғаныс дәрежесіне ие: сутаңба, қауіпсіздік жіптері, мөлдір терезе, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер. Сондықтан ұлттық валюта әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарына кіреді. Қазақстанның валютасы әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі болып саналады. Себебі 10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар үш жыл қатарынан әлемнің үздіктері деп танылды (2011, 2012 және 2013 жылдары).