Қаңтардың бірінші онкүндігінде Қазақстанда қарқынды Атлантикалық және Оңтүстік циклондардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Республиканың солтүстік жартысында қарқынды қар жауып, бұрқасын болжанады, оңтүстік жартысында - жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар), оңтүстік және шығыс аудандарында қатты жауын-шашын жауы мүмкін. Республиканың оңтүстік-батыс жартысында тұман және көктайғақ болуы ықтимал. Белсенді циклондармен Қазақстанның басым бөлігінде желдің күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-дейін күтіледі.
"Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы түнде -15-25°С-тан -3-12°С-қа дейін, күндіз -7-15°С-тан 0,-8°С-қа дейін; еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5-15°С-тан -5+2°С-қа дейін, күндіз 0,-8°С-тан +1+8°С-қа дейін ауытқиды деп болжанып отыр. Еліміздің батыс аудандарында ауа температурасы түнде -5+5°С-тан -15-25°С-қа дейін, күндіз -3+8°С-тан -10-20°С-қа дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі. Бірінші онкүндіктің соңында Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклоннын әсерінен ауа температурасы түнде -20-30°С-қа, күндіз -10-18°С-қа дейін, республикамыздың оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында түнде -10-20°С-қа, күндіз -5-15°С-қа дейін төмендеуі болжанады", - делінген хабарламада.
Консультатив болжамға сәйкес, 2023 жылғы қаңтардың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның көп өңірінде ауа райы жиі өзгереді, аязды күндер жылы күндермен ауысып, қарлы боран, бұрқасын және екпін күшті желмен соғады.
"Оңтүстік циклондардың әсерінен қарқынды жылу толқындары байқалады, бұл кезде ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында күндіз -5+2°С-қа, оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында күндіз +2+12°С-қа дейін жоғарылайды. Ал солтүстік-батыс антициклоннын енуіне байланысты карқынды суық толқындар болжанады, бұл кезде ауа температурасы республикамыздың солтүстік жартысында және орталығында түнде -25-35°С-қа, күндіз -15-25°С-қа дейін, оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында түнде -12-22°С-қа, күндіз -3-15°С-қа дейін төмендейді", - дейді синоптиктер.
Бір айға арналған болжам синоптикалық ахуалдың өзгеруіне қарай түзетілетіні және онкүндік пен 2-3 күндік ауа райы болжамдарымен нақтыланатыны ескертілген.