Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин шаһардағы жағдай туралы баяндады, деп жазады Pavlodarnews.kz.
20 қаңтардағы сағат 10:00-дегі жағдай бойынша ЖЭО-да 6 қазандық жұмыс істеп тұр. 4 қазандықта ағымдағы жөндеу жүргізілуде. №6 қазандықта жұмысты бүгінгі күннің соңында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. №11 қазандықта ертең кешке аяқталады. Ал, №7 қазандықта кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар наурыз айына дейін көзделіп отыр, – деді Аян Бейсекин.
Қала басшысының айтуынша, жыл басынан бері жылу желілерінде 154 ақау анықталған. Бүгінде 131 зақым жойылды, 23 зақым бойынша жұмыс жасалуда.
Осы 23 ақау бойынша жөндеу жұмыстарын 10 күн ішінде аяқтаймыз деп отырмыз. Бірақ жылу желілері ескіргендіктен күнделікті ақаулар анықталуда. Сондықтан жұмыстар жалғасатын болады, – деді Аян Бексекин.
Сондай-ақ қалада 26 көп пәтерлі үйден шағымдар әлі келіп түсуде. Үйлердің мекенжайлары анықталған. 13 үйде комиссиялық зерттеу толық жүргізілді.
Негізінен үйлердің жылытылмау себебі – үй ішіндегі жылумен жабдықтау желілеріне байланысты. Сондықтан ПИК-термен бірге шешу жолдарын анықтап жатырмыз, – деді қала әкімі.
20 қаңтар күні қалада 7 учаскеде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осыған байланысты 191 жеке тұрғын үй, 2 көпқабатты үй, 1 заңды мекеме бүгін кешкі сағат 5-6-ға дейін жылудан ажыратылған.