Астанада түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды
Фото: Zakon.kz
Қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді.
Кезекті рейд барысында "102" арнасына қала тұрғындарының бірінен Түркістан көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында белгісіз азаматтардың қатты шу шығарып, қоғамдық тыныштықты бұзып жатқаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері аталған ақпараттың расталғанын анықтады. Тексеру барысында автокөлік ішінде алкогольдік ішімдік ішіп, айналадағы тұрғындардың мазасын алған 45 жастағы азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция қоғамдық орындарда және тұрғын үйлердің аулаларында тәртіп сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта қатты музыка қою, айқайлау немесе өзге де әрекеттер арқылы тұрғындардың тыныштығын бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, өзара сыйластық танытуға және айналасындағы адамдардың тыныштығына құрметпен қарауға шақырады.