ШҚО-да бес ауылдың егіндігін сумен қамтып келген "Қандысу" қоймасы апатты жағдайда тұр

Шығыс Қазақстан облысындағы 7 мың гектар жерді суаруға артығымен жететін "Қандысу" қоймасының апатты жағдайда тұрғанына он жылдан астам уақыт өтті. Соның зардабын тартып отырған 5 ауылдың халқы үкіметтен көмек сұрайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

1983 жылы салынған су қоймасы қырық жылда бірде-бір рет жөнделмеген, деп мәлімдеді qazaqstan телеарнасының тілшісі.

2-3 жылда бөгеттің 36 метрілік мұнара қабырғалары жарыла бастаған. Сондықтан тоспаға су жинауды тоқтатқан. Егістігі қурап, жайылымдықтың шаңы шығып жатыр. Су тоспасына иелік етіп отырған "Қазсушар" мекемесінің стартегиялық нысанды жөндеуге дәрмені жоқ.

Нысанға басшылық еткен Мәкен Тырнақбаевтың сөзінше, бөгет 47 миллион текше метр суды жинауға есептеліп, салынған.

Аудандағы 5 ауылдың халқы суды осы қоймадан алып келген. Алайда соңғы екі жылда бөгетке су жинау мүлде тоқтатылған.

Су қоймасының техникалық жағдайын салалық министрліктегі жауапты тұлағалар жақсы біледі. Бұрынғы мәжіліс депудаттары да келіп көрген. Бірақ шаруалар бөгетті жөндеу соншалықты созбалаңға салынғанына аң-таң.

«ҚАЗСУШАР» РМК Ақжар учаскесінің бастығы Болат Нұрпейісов нысанның жобалық құжаттарына қаражат бөлінбегенін айтты.

"Біздің басшылар экология министрлігі қаржы министрлігіне сұрауын жасап жатыр. Ешқандай нәтиже болмай жатыр. Халық наразы болып жатыр. Су жеткізе алмай жатырмыз халыққа. Сол үшін бәрінен көмек сұрап отырмыз", – дейді  Болат Нұрпейісов.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: