IQanat – ауыл студенттеріне қолдау көрсету ниетімен біріккен 100-ден астам қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік және білім беру жобасы.
Республика деңгейінде өтіп жатқан олимпиаданың ашылуына келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысушы балғындарға сәттілік тіледі. Білім бәйгесіне Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарынан 257 оқушы қатысуда.
Сурет: Ұйымдастырушылардан алынды
Бес жылдан кейін іріктеу форматы өзгерді. Біз пәндік білімге емес, оқушының қабілетіне назар аударамыз. Оқушылар логикалық ойлау, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және қатысушының таңдауы және биология, география, тарих, математика, физика және химия пәндері бойынша сынға түседі. IQanat олимпиадасының екінші кезеңі – ауылдық жерлерде білім беруді қолдау мен дарынды балаларды дамытуға бағытталған республикалық бастаманың бір бөлігі, - деді IQanat жобасының Батыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Жанат Танабаева.
Сурет: Ұйымдастырушылардан алынды
2021-2022 оқу жылында 8 сыныптар арасында өткен олимпиадаға ауыл мектептерінен 1480 қатысып, 48 оқушы 3-кезеңге өтті. Оның 4-еуі 100-ден жоғары балл жинап, Айқанат мектебіне жолдама алды. Қазіргі таңда олар Foundation бағдарламасымен білім алуда. Қалған 44 оқушы 2022 жылғы 1-4 қарашада Айқанат қорының ұйымдастыруымен Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында өткен Hakaton IT-camp бағыты бойынша жарыстарға қатысты. БҚО оқушылары 2816 математикалық баттл өткізіп, 17 облыс арасында бірінші орын алды. Жақында тағы 4 оқушы жақсы балл жинап, Foundation бағдарламасы бойынша оқитын болды. Айқанат қорының қолдауымен оқып жүрген биылғы 9, 10, 11 сынып оқушылары Daryn.online, tester.kz, okoo.kz платформаларына тіркеліп, тегін оқуға қол жеткізді.
Сурет: Ұйымдастырушылардан алынды
Республика бойынша алғаш рет Бәйтерек ауданының Мичурин орта мектебінде «Айқанат бөлмесі» ашылып, әдістемелік оқу құралдарымен жабдықталды. 2021-22 оқу жылында «Айқанат» мектебінде тамыз айында алғаш рет ауыл мұғалімдеріне арналған Teachers Camp семинарлары ұйымдастырылып, оған Батыс Қазақстан облысынан 11 мұғалім барып қайтты.
Бұл жоба 2018 жылы іске қосылған. «Iqanat» жобасының нәтижесінде мыңдаған мектеп оқушылары қосымша білім алып, ертеңіне үмітпен қараса, жүздеген оқушы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсуде.