Оралда "Қамқор" орталығы ашылды

Оралда Ораза айт мерекесі кезінде "Қамқор" орталығы салтанатты ашылды. Жаңа нысан егде жастағы тұрғындарды белсенді өмірге тарту, денсаулығын нығайту, қарым-қатынас шеңберін кеңейту және бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің міндетін атқарушы Мирболат Нұржанов қатысты.

"Шаһарымыздың зейнет жасындағы тұрғындарына арналған орталық министрліктің тапсырмасына сай, алғаш рет жоба ретінде ашылуда. Болашақта қаланың өзге де аудандарында осындай орталықтар ашу жоспарымызда бар. Ең бастысы бұл жерде ұсынылатын тегін қызмет түрлеріне аға буын өкілдерінің қызығушылығы жоғары". Мирболат Нұржанов

Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің айтуынша, өңірде 92 500 зейнеткер бар. Оның 16-сы – Ұлы отан соғысының ардагері, 3 500-і – тыл ардагері. 

"Қытай мен Жапонияда орташа өмір сүру ұзақтығы – 84 жас. Біздің елімізде 69-70 жас. Белсенді қозғалыс – ұзақ өмір сүру кепілі. Облыс деңгейінде жыл сайын ардагерлерге арналған түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Жақында ардагерлерден құралған барлық ансамбль қатысатын байқау өткіземіз. Жүлде қорын өз жауапкершілігіме аламын. Тентекті жөнге салып, адасқанды көшке қосатын үлкендеріміз үйде қарап отырмай, жастарға үлгі болуымыз керек". Мақсот Берген

Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Қамқор" белсенді ұзақ өмір орталығында скандинавиялық серуендеу, йога сабақтары, дене шынықтыру, дойбы, шахмат, тоғызқұмалық ойындары, тілдік курстар, компьютерлік сауаттылық, заңгер мен психологтың кеңесі, сурет және кескіндеме курстары, шығармашылық шеберлікпен айналысу, мәдени және ойын-сауық іс-шаралары тегін ұйымдастырылады.


Айта кетейік, орталықтың жұмыс жасай бастағанына аз уақыт өтсе де, келушілердің саны күн сайын көбейіп келеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: