Солардың бірі – Сарагүл Әбдікәрім. Ұлтқа қызметті абыройлы міндет санаған ол Қорғаныс саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл салаға кездейсоқ тап болмапты. Оның айтуынша, мамандық таңдауда әкесінің рөлі айырықша болған, деп хабарлайды "Хабар 24".
"Осы мамандықты таңдауда әкемнің рөлін айтуға болады. Ол кісінің рөлі бөлек. Кішкентай кезімізден біздің апамыз, рулас Әлия Молдағұлованы мысалға келтіретін. Мықты болу керек, халықты ойлап, елімізді сүйіп, сондай адал азамат болуға тілектес болатын. Әкемнің сөзін тыңдап, есте сақтап, әскери мамандығын таңдадым. Еліміздің қауіпсіздігі жолында қызмет етем деп, сондай шешім қабылдадым".Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бастығы Сарагүл Әбдікәрім
Сарагүл Қажатқызының қызметі аса ыждағаттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі ол Қазақстан мен өзге елдер арасындағы ынтымақтастықты орнатып, бітімгершілікті қадағалайды. Халықаралық шарттар жасауда заңнаманы ескере отырып, әрбір құжаттың қатесіз жазылуы да оның тікелей міндетіне кіреді. "Әйелдер арасында екінің бірі иегере бермейтін бұл салада қызмет ету үшін бастысы, жұмысыңды сүю керек", - дейді Сарагүл.
"Біздің салада жұмыс істеу үшін әйел адамның бойында қасиет болуы тиістері ол – жұмысқа сүйіспеншілік, Отанға сүйіспеншілік, адалдық, төзімділік, адамдармен тіл табыса білу. Және біз халықаралық ынтымақтастық құрып жатқаннан кейін дипломатиялық қасиеттер болу керек адамның бойында, әйелдердің бойында". Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бастығы Сарагүл Әбдікәрім
Темірдей тәртіпке төзіп, ерлермен иық тіресе жұмыс істейтін нәзік жан ай сайынғы әскери нормативтік сынақтан өтіп тұрады. Бірнеше шақырымды жүгіріп өтіп, атыс қаруларын шебер бағындырады. Еңбекқорлығының арқасында Мемлекет басшысының алғыс хатына да ие болыпты. Жан-жақты Сарагүл тіпті бірнеше тілді меңгерген. Қызмет талабы – сол, - дейді. Бүгінде ол іссапармен 27 елде болған.
"2001 жылы департаментке келіп, 2006 жылы мен бірінші рет шетелге шықтым. Ол кезде департаментте жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл болды. Сол кезде мен кішкентаймын, тәжірибем жетпейді деп ойламаппын. Сол басшылығымның сенімін атқарамын деп алғашқы рет шетелге шықтым. Америка Құрама Штаттары, Канада, Ресей, Тәжікстан, Еуропа елдері, Италия, Испания, жақын арада Қытайда болдым".Сарагүл Әбдікәрім
Жауапкершілігі мол шенді қызмет пен үй шаруасын да қатар алып жүрген нәзік жан туыстарына жиі көңіл бөлуге тырысады. Сарагүлдің бауырлары әпкелерімен марқайып, оны үлгі тұтып отыр. Батылдық пен ерлікті, төзімділік пен қайсарлықты бойына сіңірген Сарагүлдей нәзік жандардың жолы көпке үлгі болары сөзсіз.