Президент Ресейдегі сапарының алғашқы күні қайда барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі сапарының алғашқы күні Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге, Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барды, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге барудан басталды.

Мемлекет басшысы 100 және 101-дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті.

Сурет: akorda

Мемориал ұзындығы 27 метр, биіктігі 4 метр болатын гранит қабырғадан тұрады. Онда "100 және 101-дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгі жадымызда сақталады. Сіздерге алғысы шексіз қазақстандықтар атынан" деп жазылған.

Ескерткіш тақтаның оң жағына Қазақстан картасы бар панно орнатылған. Онда 1941 жылы екі бригада жасақталған Алматы және Ақтөбе, сондай-ақ  Астана белгіленген. Осы бригадалар сапына Қазақстаннан шақырылған 9 312 жауынгердің есімі мәрмәр тақталарға қашалып жазылған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қырғызстандық жауынгерлерге арналған мемориалға гүл шоғын қойып, қаза тапқан солдаттарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сурет: akorda

Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған боздақтардың рухына тағзым етті.

Сурет: akorda

Бауырластар зиратында қолында автоматы бар жауынгердің мүсіні орнатылған. Ескерткіштің жанындағы таста "1941-1945 жылдары неміс-фашист басқыншыларынан Ржевті азат ету үшін болған шайқаста қаза тапқан  881 атқыштар дивизиясы мен 331-зеңбіректі артиллериялық полктің майдандас жауынгерлеріне" деп жазылған.

Сурет: akorda

Бұл жерде 2 мыңнан астам сарбаз жерленген. Олардың қатарында Президенттің ағасы  – Қасым Болтаев та бар.

Сурет: akorda

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Тверь облысына жасаған сапары аясында Ржевтегі совет солдатына арналған мемориалға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Президент құрмет қарауылымен бірге ескерткішке гүл шоғын қойып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Сурет: akorda

Биіктігі шамамен 25 метр болатын қоладан құйылған солдат мүсіні он метрлік қорған төбенің басына орнатылған. Құрыш қабырғаларда Отан қорғаушы жауынгерлердің есімдері жазылған.

Сурет: akorda

Ржев шайқасы – қанды қырғын болған ең сұрапыл соғыстың бірі. Кеңес әскері бұл жерде, із-түзсіз жоғалғандар мен жараланғандарды қоса алғанда, 1,3 миллионнан астам  адамынан айырылды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: