Брифинг барысында аудан басшысы өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті.
Сонымен бірге, тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдің өзекті мәселелерін де жеке-жеке атап өтті. Дәлірек айтқанда, Шу ауданындағы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің ең негізгісі ол – жайылымға қатысты түйткіл.
Аталған мәселені жүйелі түрде шешу үшін қазіргі кезде бірқатар жұмыстар қолға алынған. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 83,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері ауылдық округтерге бекітіліп беріліпті.
"Ағымдағы жылы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 22000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспар жоспарланып отыр. Қазіргі кезде бұл жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бастап жалпы мемлекет меншігіне 9 000 гектар жерді қайтардық. Ал, өткен жылы барлығы 34945 гектар жер қайтарылған болатын. Оның 182 гектары суармалы, 2910 гектар тәлімдік жер болса, қалған 31 мың гектары жайылымдық жерлер. Бұдан бөлек, Шу ауданының халқы негізінен ауылшаруашылығына бейім болғандықтан ауыз су мәселесі де өте өзекті болып отыр. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар да бір жүйеге келтіріле бастады. Мәселен, аудан бойынша 94 канал бар болса, оның ішінде жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 16 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртылуда. Оған қоса, қосымша 35 каналға жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойды," - дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Атап өткеніміздей, аудан әкімі аймақтағы шешімін күткен мәселелерге де кеңінен тоқталды. Олардың қатарында тұрғын үй мәселесі де бар. Бүгінгі таңда тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған 1216 азаматқа жер телімдері берілді. Аталған жер телімдері Шу қаласы мен Төле би және Алға ауылдық округтерінен берілгенін де айта кеткен жөн. Аудандағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қазіргі кезде аудандағы 35 елді мекеннің 9-ы ауыз сумен қамтылмай отыр. Өткен жылы аталған 9 елді мекеннің 6-уын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Нақтырақ айтқанда, олардың қатарында халық тығыз орналасқан Көктөбе, Ақтөбе, Еңбекші, Сауытбек, Көкқайнар ауылдары мен Шу қаласындағы Қант зауыты мөлтек ауданы бар. Бұл нысандар өтпелі болуына байланысты ағымдағы жылдың қазан айында жұмыстар толығымен аяқталмақ. Нәтижесінде, 2025 жылдың соңына қарай Шу ауданындағы елді мекендер 100 пайыз таза ауыз су жүйесімен қамтылмақ.
Сонымен қатар, жиын барысында Бақытжан Оразалыұлы жергілікті тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Қазіргі кезде республикалық "Меркі-Шу-Бурылбайтал" автожолында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны белгілі.
Осыған орай, аталған күре жолдың Шу өзенінен өтетін "Андасбай" көпіріне жөндеу жүргізілмек. Алайда, осы көпір арқылы аудан орталығына қатынайтын бес ауылдың тұрғындары көпірдің уақытша жабылуына наразылықтарын білдірген. Аталмыш мәселе бойынша жергілікті билік өкілдері негізгі көпірдің құрылысы аяқталғанша Шу өзенінен өтетін уақытша өткел соғу жөнінде шешім қабылдаған.
Ал, білім саласы бойынша биыл 5 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сәйкесінше, келесі жылы 6 жаңа білім ошағы, екі жапсарлас құрылыс, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмақ.