Біреулер балаларын жазда ауылға жібереді. Әрине, ата-әжесінің жанында болып, қолдан жасалған табиғи таза өнімдерді ішіп-жеп, демалысын табиғат аясында өткізгенге не жетсін? Ал ондай мүмкіндігі жоқтар не істемек? Олар үшін ең дұрысы – жазғы лагерь. Ал балаға лайықты лагерь таңдауда бірқатар мәселелерді ескерген жөн.
Әдетте көптеген ата-ана бұл мәселеге жазғы демалыс келгенде ғана бас қатырады. Бірақ, жазғы демалысты алдын-ала жоспарлаған дұрыс.
Демалысты жоспарламай тұрып, ең алдымен баламен сөйлесу керек. Оның жазғы демалысты қалай өткізгісі келетінін сұраңыз. Бәлкім, балаңыз бір нәрсені үйренуді армандайтын шығар, немесе жаңа дүниені танып, білгісі келетін болар. Бірінші кезекте, оның қызығушылықтарын ескеру қажет.
"Жазда балаларға мектептен демалып, сүйікті істерімен айналысуға мүмкіндік беру керек. Бірақ, демалыс уақытында ештеңемен айналыспай, құр жата беруге болмайды. Балалар физикалық тұрғыда белсенді болып, өз дағдыларын дамытып, жаңа дүниелерді игеруі керек. Бұл орайда ең дұрысы – жазғы лагерь", – дейді Алматы қалалық перинаталдық орталығының психологы Гүлнар Досжанова.
Оның айтуынша, лагерді таңдағанда, ата-аналар бірнеше факторды ескеруі қажет: баланың жасы, лагердің қауіпсіздік, тұрмыстық жағдайлары, белсенділік және тақырыптық бағдарламалары. Лагерде қандай спорт және ойын-сауық түрлері бар екенін және олардың баланың қызығушылығына қаншалықты сәйкес келетінін білу керек.
"Баланың мінезін және оның әлеуметтену деңгейін ескеру де маңызды. Мәселен, қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз бала физикалық белсенділікті қажет етеді, ал баланың мінезі сабырлы, тыныш болса, ол уақытын оқумен өткізгенді ұнатады. Жазғы лагерді таңдамай тұрып, баланың өзінен онда барғысы келетін-келмейтінін сұраңыз. Егер қалап тұрса, оны қызықтыратын бағытты талқылаңыз", – дейді психолог.
Балаларға арналған лагерлер бірнеше түрге бөлінеді: Бейіндік, тақырыптық және көп бағытты. Біріншісіне санаторий түріндегі спорттық, тілдік және оқыту лагерлері жатады. Тақырыптық лагерлерде білім беру мәселесі қарастырылғанымен, демалыс пен ойын-сауыққа басымдық беріледі. Көп бағытты лагерлер әртүрлі профильдерді біріктіре алады. Сондай-ақ діни лагелер де бар, онда көбіне діндар отбасылардың балалары демалады.
Бейіндік лагерлердің бірнеше негізгі түрлері бар:
• Санаторий түріндегі лагерлер. Онда балалар емдік процедуралардан өтеді, ұйқы мен тамақтану тәртібін сақтайды. Әдетте, мұндай мекемелерге дәрігерлердің ұсынысы бойынша жіберіледі;
• Спорттық лагерлер. Олардың кейбіреулері белгілі бір спорт түрлеріне маманданған, бірақ көпшілігі жалпы дене шынықтыруды дамытуға бағытталады;
• Тілдік лагерлер. Олар Қазақстанда да, шетелде де орналасуы мүмкін. Әдетте ондағы барлық бағдарламалар мен қарым-қатынас оқытылып жатқан тілде жүргізіледі;
• Оқыту лагерлері. Белгілі бір пән немесе бағыт бойынша білімді тереңдетуге бағытталған, мысалы, жаратылыстану-ғылыми немесе физика-математикалық.
Тақырыптық лагерьлер, аты айтып тұрғандай, белгілі бір тақырыпқа арналған. Мысалы, скауттық лагерлерде балаларға жабайы табиғатта өмір сүру, белгілі бір ортаға бейімделу және т.б. дағдылар үйретіледі.
Көп бағытты лагерлер әдетте оқыту мен физикалық белсенділікті қамтиды. Мысал ретінде туризмді, тарих пен тілді зерттеуді біріктіретін лагерлерді келтіруге болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанда қандай да бір конфессиямен байланысты балалар лагерлері де бар:
• Мұсылман лагерлері. Олар мешіттер мен медреселер жанында қызмет етеді. Онда балалар Құран сүрелерін, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірін, шет тілдерін оқиды, сондай-ақ шығармашылық және спортпен айналысады.
• Православие лагерлері. Мысал ретінде Алматы облысының Қонаев қаласындағы епархиялық балалар лагерін келтіруге болады. Мұнда балаларға дәстүрлі адамгершілік құндылықтар сіңіріледі. Ал сауықтыру-білім беру бағдарламасына түрлі спорттық және мәдени-ағартушылық элементтер енгізілген.
Сонымен қатар, мектептер жанындағы жазғы лагерлер де бар. Көптеген психологтар баланы бейімдеу үшін солардан бастауға кеңес береді. Мұндай мекемелердің артықшылығы – жақын орналасуы. Мәселен, бала күні бойы түрлі бағдарламаларға қатысып, ал кешке ата-анасының жанында үйде болады.
"Үйде ата-анасымен көп уақыт өткізіп үйренген балаларды бірінші рет лагерге 9-10 жасында жіберген дұрыс. Бала неғұрлым үлкен болса, соғұрлым лагерге де тез үйренеді. Ал белсенді және тез тіл табысатын балаларды 6-7 жастан бастап жіберуге болады. Шетелдік лагерлерге келетін болсақ, ол жерге баланы психологиялық тұрғыдан дайын деп санасаңыз және ол тұрмыстық мәселелерді өз бетінше шеше алатын болса ғана жіберуге болады", – деп кеңес берді Гүлнара Досжанова.
Лагерді таңдаған кезде барлық қажетті ақпаратты, соның ішінде, баланың құрдастары мен ата-аналардың ұсыныстары мен пікірлерін, арнайы басылымдардың мақалаларын және бейіндік сайттардағы шолуларды оқып, зерттеңіз. Егер лагерь жақын жерде болса, онда алдын ала барып, қызметкерлермен және педагогикалық ұжыммен сөйлесіп, барлық мазалаған сұрақтарыңызды қойып, тұрмыстық жағдайымен танысқаныңыз жөн.
"Лагерь әкімшілігінен баланың ұялы телефон, ноутбук және басқа да құрылғыларды ұстауға қатысты ережелерімен танысыңыз. Баламен қай уақытта байланысқа шығуға болатынын біліңіз", – деп атап өтті Досжанова.
Кейде бала демалыс лагеріне бара салып, ертесіне-ақ ата-анасынан оны үйге алып кетуін сұрап жатады. Егер төтенше бір жағдай бола қоймаса, бірден уайымдауға асықпаңыз. Алғашқы екі-үш күн бейімделу кезеңі болады, балалар бірін-бірі әлі танымайды, қарым-қатынас жасаулары қиын. Бір-екі күн күтіңіз, мүмкін сәл уақыт өткен соң баланың өзі ешқайда кеткісі келмей қалар.
"Ортаға бейімделу қабілеті көбінесе ата-аналарға байланысты. Оны жеңілдету үшін демалысқа жібермей тұрып, балаңызбен сөйлесіңіз. Өзіңіз лагерге қалай барғаныңызды, ол жердегі демалыс қаншалықты көңілді және қызықты өткенін айтыңыз, фотосуреттер болса, көрсетіңіз. Баланы ынталандыру аса маңызды", – деп кеңес берді психолог.