"Ассәлямуалейкум, Қазақ елі! Аллаға шүкір, кеше асқар тау - әкешіме бала кезден армандап жүрген сыйлығымды сыйладым. Ең бірінші осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір! Екінші әке-анамыздың арқасы, барлықтарыңызға жұғысты болсын!", делінген видео жазбасында.
Айта кетсек, 13 мамырда Ташкентте бокстан өтіп жатқан Әлем чемпионатының финалында 48 келі салмақ дәрежесінде Санжар Ташкенбай грузин боксшысы Сахил Алахвердовимен жұдырық түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша Санжар Тәшкенбай бокстан 2023 жылғы Әлем чемпионатының алтын медалін иеленіп, чемпион атанды. Әрі ірі сыйақыға да ілінді.
"Спортшылардың басты мақсаты - ақша емес. Олар халықтың ар-намысын қорғау үшін барады. Ташкентте Қазақстанның әнұраны 4 рет шырқалды. AIBA жігіттеріміздің әрқайсысына 250 мың доллардан береді. Біздің Қазақстан федерациясы - 100 мың доллардан. Үкіметтен заң бойынша әлем чемпиондарына 15 мың доллар берілді. Дәл осындай сома жаттықтырушыларға да беріледі. Менің ойымша, бұл - дұрыс шешім. Бұл тек боксқа ғана қатысты емес, сонымен қатар басқа спорт түрлерінде де солай", - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Мамандар Санжар Тәшкенбайды бокстан 2023 жылғы Әлем чемпионатындағы ең жас әрі соққы аз жіберген боксшы ретінде танылғанын айтты.
Бір сұқбатында Санжар көпбалалы отбасыдан шыққанын, елордада пәтер жалдап тұратынын, ал әкесінің таксиші екенін айтқан болатын.