Павлодар облысында мас күйде анасына балағат сөздер айтқан тұрғын қамауға алынды

"Полицияның қазақстандық сервистік моделі" пилоттық жобасының негізгі факторларының бірі – халыққа сапалы қызмет көрсету.

Пилоттық жоба барысында полиция тарапынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік құрылымдардың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылықтың өкілдері тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аударылады.

Жоба аясында облыстық полиция департаменті он екі үкіметтік емес ұйыммен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға және оның салдарының алдын алуға бағытталған бірлескен жұмыс бойынша меморандумға қол қойды.

Тұрмыс саласындағы жиі кездесетін проблемаларды анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында тәуекелді бағалау парағы (сауалнама) енгізілді. Барлық осындай өтініштер бойынша учаскелік полиция инспекторлары зардап шеккендерге сауалнама жүргізеді, оның нәтижелері кейіннен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, одан әрі шаралар қабылдау үшін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерге жіберіледі.

Сондай-ақ пилоттық жоба шеңберінде қоғамдық қорлармен, мемлекеттік емес ұйымдармен әріптестікті жүзеге асыру мақсатында әкімшілік қамауға алынғандармен қауіпсіздік мәселелерін шешуде "Үміт үзбеу" қоғамдық қорының психологы жұмыс жүргізіп жатыр. Психологиялық көмек көрсетіп, консультациялар, тренингтер өткізеді. Мәселен, Ертіс ауданының полициясына 83 жастағы ауыл тұрғыны 47 жастағы ұлының мас күйінде өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтқанын хабарлады.

"Учаскелік полиция инспекторы азаматқа қатысты осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік материал жасап, сотқа жолдады. Оның шешімімен 47 жастағы ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, ер адамға қатысты бұрын шығарылған қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-1-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды", – деді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Үсенов.

Жыл басынан бері Павлодар облысында отбасылық жағдайға қатысты 1213 құқық бұзушылық анықталды. 3560 қорғау ұйғарымы және құқық бұзушылардың мінез-құлқына 412 ерекше талап қойылды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: