Алматы әкімдігі желіде бұрқ еткен "дәретхана жемқорлығына" қатысты сынға жауап берді

2021 жылы Алматыда орнатылған қоғамдық дәретханалардың жайы қала тұрғындарын әлі де бей-жай қалдырмауда. Бастапқыда мұның бәрі неге жұмыс істемей тұр деп көп бас қатырса, ал енді оларды сатып алу кезінде үлкен ақша ұрлануы мүмкін деген болжамды қызу талқылауда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәселе көтеріп, жазба жариялады.

"Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институтының тауарлық зерттеуі дәл осындай дәретханалардың нарықтық құны 4 785 000 теңгені құрайтынын көрсетті. Ал әкімдік оларды 7 979 954 теңгеден сатып алғанын еске саламын. Олар қосымша 20 санитарлық-гигиеналық торап сатып алғанын есептегеннің өзінде, ең аз дегенде біреу 63 899 080 теңгені қалтасына басып қалған", - деп жазады Смағұлов.

Сондай-ақ ол сарапшылардың сөзін келтіре отырып, бұл дәретханалар көптеген параметр бойынша техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтінін айтады.

Zakon.kz Алматы қаласы әкімдігіне осы жайтқан байланысты жауап алуға тырысты. Олар Смағұлов келтірген деректерден сәл өзгеше сандарды ұсынды, бірақ оның 64 млн теңгеге жуық сомасы жымқырылған болуы мүмкін екендігі туралы долбарды жоққа да шығармады.

"2021 жылы 30 наурызда Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы атынан Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы - Мемлекеттік сатып алу порталында ҚҚС-ны есептемегенде 178 571 428,57 теңге сомасына 20 дәретхана модулін дайындау және орнату бойынша жұмыстарға конкурс жарияланды. Конкурсқа Алматы қаласының туризм басқармасы тапсырыс берді", делінген ресми сауалға берілген жауапта.


12 компания мемлекеттік сатып алу конкурсына өз өтінішін жолдаған. Нәтижесінде "Soft Engineering" ЖШС жеңіске жетті. Ол ең төмен бағаны ұсынды, ҚҚС-ны есептемегенде 142 млн теңге. 2021 жылдың маусымында компаниямен арада тиісті шарт жасалды.

Яғни, әкімдік деректеріне сәйкес бір қоғамдық санитарлық тораптың бағасы 7 100 000 теңгені (ҚҚС есептемегенде) құрайды.

Сатып алынған дәретханалардың кейбір параметрі техникалық сипаттамаға сәйкессіздігі туралы сынға қатысты әкімдіктегілер былай жауап берді: "Конкурс "Мемлекеттік сатып алулар туралы" ҚР Заңының талаптарына сәйкес жарияланып, өткізілді".

Алматыдағы қоғамдық дәретханалар төбе көрсете салысымен, үлкен дау-дамайға іліккен. Себебі олар орнатылғаннан кейін ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрды. 2022 жылдың жазында әкімдік қызмет көрсету үшін осы 20 санитарлық торапты сенімгерлік басқаруға берілетінін хабарлады. Биылғы жылы басқару және қызмет көрсету бойынша өткізілген конкурста жекеменшік компания жеңіске жетті. 

Алматы Алматы қаласының әкімдігі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: