Ерұлан Жамаубаев министрліктерді бөлуге және жаңаларын құруға қанша қаржы жұмсалатынын нақты айту қиын екенін атап өтті.
"Үкіметтің бірінші отырысын бүгін ғана өткіздік. Министрліктер әлі бөліне қоймағандықтан, жаңа министрліктердің жұмысын әлі көрген жоқпыз. Уақыт керек, алдын ала баға берудің қажеті қанша? Менің ойымша, олар бұрынғы ғимараттарда қалады. Әрине, министрлерге жаңа кабинеттер қажет болады, бірақ оны өздері шешеді". Ерұлан Жамаубаев
Ол Қаржы министрлігінің қатаң ұстанымы қосымша бюджет бөлу емес, оны мемлекеттік органдар арасында қайта бөлу екенін атап өтті. Оның пікірінше, қосымша шығын аз болады әрі экономикалық өсу арқылы алынатын түсім есебінен жабылады.
"Бұл министрліктер не үшін құрылды? Саланы ілгерілету үшін. Бізде көптеген салалар өсу үстінде, оның қарқынын арттыру керек. Алдымызда орта мерзімді перспективада жылына 6-7% өсу тұр. Сол экономикалық өсім, өсімнен кейін экономикаға түсетін салықтар артығымен жабады. Ал бұл әкімшілік шығындар соншалық көп емес. Оның үстіне соңғы жылдары мемлекеттік органдарды ұстауға жұмсалатын әкімшілік шығыстар өскен жоқ. Естеріңізде ме, көлік, жиһаз сатып алуға мораторий жарияланған еді ғой? Біз оңтайландыруды жалғастырамыз"Ерұлан Жамаубаев
Елбасы Жолдауынан кейін елімізде бірнеше министрліктер бөлініп кетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – Көлік министрлігіне және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Мәдениет және спорт министрлігі – Туризм және спорт министрлігіне және Мәдениет және ақпарат министрлігіне. Су ресурстары саласы Экология министрлігінен бөлініп, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.