"Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған". Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: "Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек" (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады.
"Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз - домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу - харам" деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз", делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде "домбыра - харам" деген орамалдағы қыздың видеосы тараған болатын. Онда ол:
"Ақыретте ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз. Иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Менің домбыра тартқаным YouTube-те жүр. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ, домбыра – харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді", – дейді.