Зообақ мамандарының айтуынша, тасбақа - ерекше жануар. Олардың құлақтарының орнында тесік қана болады, тіпті кішкентай құлақша да болмайды. Құлақ қалқандарының орнында қызыл сызық тұрады. Алматы зообағында арнайы "Экзотариум" бөлімінде 23 тасбақа тұрады.
"Қызылқұлақ тасбақалар бір бірімен жақсы қарым-қатынас ұстайды. Еркек тасбақалар ұрғашы тасбақаларға ерекше қарайды. Мысалы, еркек тасбақа суда жүзгенде ұрғашы тасбақаның иегі мен басын қытықтап, қызық қимылдар жасайды. Тасбақалар суда жүзгенді ұнатады. Күні бойы бассейнде жүзіп, судан шығып, күнге қыздырынып жатады", - делінген Алматы хайуанаттар бағының Instagram-дағы хабарламасында.
Тасбақалар қыста террариумда тұрады. Бұл тасбақалардың отаны - АҚШ, оның ішінде негізінен Орталық және Оңтүстік Америка. Қазір бұл тасбақалар Еуразия климатына бейімделіп, кең тараған. Австралия жерінде де кездеседі.
"Тасбақалар балық, ет, салат жапырағы, қырыққабат, сәбіз жейді. Қазір күн қатты суымаған соң тасбақаларымыз емін еркін бассейнде жүзіп жүр", - дейді бақ мамандары.
Мамандардың айтуынша, тасбақаларды адамдар көбіне үй жағдайында ұстайды. Өсе келе аквариумға сыймай, үй тамағын емес, жануарларға тән табиғи қорек жегісі келеді. Иесі үйде асыраған тасбақа үлкейгенде оны зообаққа тапсырады.