Мемлекет басшысы: Соңғы жылдары біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық

Мемлекет басшысының қатысуымен Астанада өтіп жатқан мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім барысында президент еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды.

"Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни, жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді." Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мұның бәрін саяси реформаның басты мазмұны деуге болады, -деді мемлекет басшысы.

"Осыдан тура бір жыл бұрын мен ауқымды сайлау кезеңі басталатынын айтқан едім. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Оның бәрі жаңа әрі әділ ережемен жүргізілді. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті." Мемлекет басшысы

Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды. Қазірге дейін 1900-ден астам ауыл округында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы жаңарды.

Жақында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтарымыз тікелей сайлайтын болады. Әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көреміз. Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: