Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі қандай

Қазан айының соңғы жексенбісінде республикада әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Бұл адамдар туралы жиі айтылмайды, көбіне атқарған жұмыстары көпшілік назарынан тыс қалып, еңбектері еленбей жатады. Алайда, олардың қоғамдағы рөлі өте маңызды.

Кәсіби мереке қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекстің күшіне енгенін еске салды. Оған сәйкес, осы саланың қызметкерлері оқытудан өтіп, сертификат алып, белгілі бір санатқа ие болады.

Барлық мемлекеттер әлеуметтік қызметкерлер арқылы азаматтарының әл-ауқатын көтеруге тырысады. Бұл сала қызметкерлеріне қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қамқорлық жасау міндеті жүктеледі. Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі органдар көптеген функцияларды орындайды. Атап айтқанда, жұмыс іздеуге көмектесу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, асыраушысынан айырылған отбасыларға көмек көрсету, жәрдемақылар мен өтемақыларды рәсімдеу және тағы басқалар.

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы өте ерекше, ол тек теориялық білімді ғана емес, сонымен бірге, қарым-қатынас, эмпатия, сабырлық және психологиялық төзімділік дағдыларын қажет етеді. Әрине, бұл сала мамандары үшін көмек көрсеткен адамының алғысын алу үлкен марапат, дегенмен, қиын жұмыстың мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, тиісті еңбекақы тағайындалуы да аса маңызды.

Өткен жылы Еңбек вице-министрі Ербол Оспанов әлеуметтік жұмысшылардың орташа жалақысы 220 мың теңгені құрайтынын мәлім еткен. Алайда, mojazarplata.kz порталының деректеріне сәйкес, бұл саладағы жұмысшылардың көбісі айына 34 847-ден 111 384 теңгеге дейін еңбекақы алады. Бірақ, 2025 жылдан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек. Онда орындалатын міндеттердің кәсіби деңгейі мен күрделілігі ескеріледі.

Бүгінде әлеуметтік қорғау жүйесінде 35 мыңнан астам адам жұмыс істесе, оның 12 704-і әлеуметтік қызметкер, оның ішінде 1 251-і үкіметтік емес секторда қызмет етеді. Олар аз қамтылған азаматтарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге және халықтың басқа да қорғалмаған топтарына қажетті көмек көрсетеді.

Үкіметтік емес секторға дәстүрлі конфессиялардың басқармалары жанынан құрылған әртүрлі жеке еріктілер бірлестіктері мен ұйымдарын жатқызуға болады. Мысалы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан "Зекет" қоры құрылған.

Сондай-ақ Қазақстанның Православие шіркеуі жанында қиын жағдайға тап болған адамдарға жан-жақты көмек көрсететін "Милосердие" қызметі жұмыс істейді.

20 ғасырдың басында елімізде әлеуметтік жұмыс көп адам білмейтін белгісіз мамандық болатын. Бірте-бірте қоғамдық сананың дамуымен және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қамқорлық жасау қажеттілігі туындауымен республикада алғашқы әлеуметтік мекемелер пайда бола бастады.

Осы орайда, Әлеуметтік қызметкерлер одағы құрылуының маңызы зор еді. Ол осы саладағы алғашқы кәсіби ұйым болды және әлеуметтік қорғаудың әртүрлі салаларында жұмыс істейтін мамандарды біріктірді.

1996 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Әлеуметтік қызметкерлер күнін енгізу туралы қаулы қабылдады. Сөйтіп, Халықты әлеуметтік қорғауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойылған 7 қараша атаулы күн болып таңдалды.

Кейіннен, 2011 жылдан бастап Әлеуметтік қызметкерлер күні қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өте бастады.

Расында Әлеуметтік қызметкерлер күнін мұқтаж жандарға көмек қолын созуды өз кәсібі ретінде таңдаған, осы саланы дамытуға үлес қосып жүрген адамдарға алғыс айту күні деп атауға болады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: