Қазақстанда оқушы қыздардың босануы жиілеген

Қазақстандағы кейінгі бірнеше жылда 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың босануы 50,5% көбейді. Егер 2017 жылы осылай 3,4 мың бала туса, 2022 жылдың соңына қарай 5,2 мыңға жетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ranking.kz-тің мәліметінше, пандемияның бірінші жылында күрт көбейді, бірақ ол аяқталғаннан кейін де жағдай жақсармаған.

"Бұл үрдісті түсік жасату санының азаюымен емес, жасөспірімдік жүктіліктің көбеюімен түсіндіруге болады. Кәмелетке толмаған қыздарда жүктілікті жасанды тоқтату статистикасы соңғы жылдары аздап өзгерді, 12 айда 1,1–1,2 мың жағдай. Жалпы, статистика бойынша, 20 жасқа дейінгі аналардан туған балалардың үлесі аз: 3,3%. Былтыр 403,9 мың жаңа туған нәрестенің 13,2 мыңының анасы 20 жастан аспаған. Туған балалардың жартысынан көбі (55,9%) анағұрлым қолайлы репродуктивті жастағы — 25–35 жас аралығындағы әйелдерде дүниеге келген". Ranking.kz

Аналитиктердің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда қала мен ауыл жасөспірімдерінің туу көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, былтыр ірі елді мекендерде жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші 15–19 жас аралығындағы 1 мың қыз балаға шаққанда — 15,3, ауылдарда — 25,9. Бұл — Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштер.

Мәліметтерді өңірлер бойынша егжей-тегжейлі қарастырған кезде кейбір облыстарда ауылдық жерлердегі жасөспірімдердің туу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары екені байқалады. Мысалы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында коэффициент 35-тен, Түркістан облысында 30-дан жоғары.

Алайда бұл өңірлердегі коэффициенттер ауылдарда ғана емес, қалаларда да жоғары. Дәл осы үш өңір — еліміздегі жасөспірімдердің туу көрсеткіші бойынша көшбасшы. Экономикасы ең дамыған қалалар — Алматы (8,2) және Астанада (9,1) ерте туу азырақ кездеседі.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: