Атырауда 90 жасқа таяған қария туған ұлының зорлығын сотта айтып берді
Фото: pexels
Қылмыстық іс Жылыой аудандық сотында қаралып жатыр. Сот отырысында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов ұлының өзіне жасаған әрекеттерін айтып берді.
Қарияның сөзінше, ұлы оны қайта-қайта басынан ұрып, тыныштық бермеген. Алдымен қолымен соққы жасап, кейін қалың скотчпен ұрған. Сондай-ақ қол-аяғын байлап, таңғы сағат сегізден түнгі төртке дейін үйде қамап ұстаған.
"Тас төбемнен ұра берді. Алдымен қолымен, кейін қалың скотчпен ұрды. Маған күн көрсетпейтін болды. Екі сағат сайын келіп ұрады. Басқа жерімнен емес, үнемі тас төбемнен соққы жасайды. Ойы — қылмыс жасап алып, мені кемтар қылу болған сияқты. Сағат сегізден түнгі төртке дейін қамауда болдым. Қол-аяғымды скотчпен байлады", — деді Әділхан Сисенов.
Оқиға биыл маусым айында болған. Қария оңтайлы сәтті пайдаланып, үйден қашып шыққан. Кейін жақын туысының үйіне барып, болған жағдайды жеткізген. Осы оқиғадан соң кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ақсақал ұлының соққысынан кейін денсаулығы күрт нашарлағанын айтады. Оның сөзінше, басынан алған жарақаттар инсультке әкелген. Бұған қоса, ұлы киім-кешегін де өзіне бермей қойған.
Сот процесі басталған кезде жәбірленушінің денсаулығы тағы сыр берген. Қыркүйекте дәрігерлер оған микроинсульт диагнозын қойған. Туыстары қарияның жағдайына алаңдап, күтіміне ерекше көңіл бөлген. Кейін денсаулығы біртіндеп жақсарған.
Айыпталушы — 47 жастағы кенже ұлы. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни дәрменсіз күйдегі немесе өзіне материалдық не басқа жағынан тәуелді адамды ұрып-соқты деген айып тағылған. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.