Ауданның 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын қуанышымен құттықтады.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сол сапалы білімді игеретін жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстайтын азамат.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі.
Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай жетілуіне септігін тигізуде.
Ағымдағы жылы білім беру жүйесіне 284,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты,-деген аймақ басшысы биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатқандығын, жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетіндігін баса айтты.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ, келер жылы қалған 11 нысанның құрылысы аяқталмақ. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жоспарланған 12 мектептің 7-нің құрылысы ағымдағы жылы басталса, 5-уі 2024 жылға жоспарлануда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өз кезегінде аудандық "Ардагерлер" кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов тұрғындарға ізгі лебізін жеткізіп, Мемлекет, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
Бұдан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, кілт тапсыру рәсімі өтті.
Айта кетейік, жаңа білім ошағы 12 оқу бөлмесі, зертхана кабинеттерімен, асхана, кітапхана, мәжіліс және спорт залдарымен қамтылған. Жылу жүйесі газбен жабдықталған.