Операцияның бес күнінде полиция қызметкерлері есiрткi, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу фактілері бойынша 20 қылмыс анықтады.
Сонымен қатар жедел-алдын алу шарасының қорытындысы бойынша 249 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
249 адам, оның ішінде 79 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық материалдар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жіберілді.
"Операция барысында полицейлер жеті мыңға жуық таблетка мен құрамында есірткі және психотроптық заттар бар 81 мыңнан астам ампула, сондай-ақ 86 тонна улы заттар тәркіледі. Лицензиялау нормалары мен сақтау объектілерінде техникалық нығайту талаптарының бұзылуына байланысты 3,2 тонна прекурсордың айналымы шектелді", – деп хабарлады ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Мысалы, елордалық емханалардың бірін тексеру барысында есірткі және психотроптық заттарды сақтау мен өңдеу ережелерін бұзу фактісі анықталды. "Морфин" дәрілік препаратының 150 ампуласы тәркіленді. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.