Лудоманның оқиғасы: Құмар ойынға тәуелділіктен қалай құтылуға болады

Елімізде құмар ойындарға қатысты мәселе биліктің де, қоғамның да алаңдаушылығын тудырған өзекті проблемаға айналды.

Бар жиған-тергенін, дүние-мүлкін қаймықпастан ойынға тігетін адамдардың бұл дерттен айығуы өте қиын. Дегенмен, мұндай тәуелділігін жеңген жандар бар.

Солардың бірі – алматылық Асқар деген жігіт құмар ойындардан тартқан зардабы, сондай-ақ бұл зиянды әдеттен қалай құтылғаны жайлы айтып берді.

Жалпы, құмар ойын деген қауіпті дерттің талай шаңырақтың шайқалуына, туыстық, достық қатынастардың үзілуіне және одан да сорақы қайғылы жағдайларға себеп болғаны жасырын емес. Қарызға белшесінен батып, тығырықтан шығатын жол таппай, ауыр күйзеліске түскен адамның іс-әрекетін болжау қиын. Мұндай күйде адамның заңсыз әрекетке баруы ғажап емес.

Асқар букмекерлік кеңселер арқылы спорттық сайыстарға бәс тігумен айналысқан. Бұл қызығушылығы 2012 жылы басталған екен. Айтуынша, ол кезде букмекерлік кеңселерді қаланың әр бұрышынан кездестіруге болатын. Қазір олардың барлығы интернет сайттарға ауысқан, бәстерді тек онлайн қабылдайды.

"Университетте бірге оқитын досым үнемі "ставка" тігіп, арасында көп ақша ұтатын. Ұтысын бізге жуып беріп, барлығымызды қыдыртып, тамақтандыратын. Көп ақша ұтқанда кафеге, түнгі клубтарға барып көңіл көтеретінбіз. Барлығымыз мәз болып, соның тілеуін тілеп, қойған "ставкасы" шықса екен деп жүретінбіз. Онымен бірге бәс тігуге, ақша шешуге букмекерлік кеңсеге барамыз. Сөйтіп жүріп біз де "ставка" қойып үйреніп кеттік", – дейді Асқар.

Айтуынша, басында үнемі ұтысқа кенеліп, бұл жолмен ақша табу оп-оңай болып көрінеді.

"Достарымызбен ақшаны оңды-солды шашып, әбден ойынның қызығына кірдік. Ұтқан ақшаны пайдалы нәрсеге жұмсағаным есімде жоқ. Қалай келді, солай кететін. Сол кездері бұл тірлігім үшін мені сөгетін бір досым: "бәрібір қанша ұтсаң да ол ақшаның берекесі болмайды, осылай байып кетем деп ойлама", дейтін еді. Қазір ойласам, соның айтқаны рас екен. Арам жолмен келген ақша пайда әкелмейді, көзім жетті", – дейді ол.

Көп ұзамай Асқар құмар ойынның жетегінде кетіп, жаман әдетінің ащы зардабын татады. Үйіндегілер несие жабуға берген ақшаны екі-үш есе көбейтіп аламын деп, ойынға бәс тігіп жібереді. Айтуынша, сол ақшаны ұтылған соң, қарызға кіру басталған. Туысынан ақша алып, несиені жапқан. Сөйтіп әркімнен қарызданып жүріп, ойынға бәс тігуін тоқтатпаған.

"Бұлайша көп ақшаны бірден ұтылып қалғаныма қатты ашуландым. Бұл жеңілісті қабылдағым келмеді. Тағы да "ставка" қойып, ол ақшаны міндетті түрде қайтарып аламын дедім. Бір қызығы, құмар ойын арқылы ұтылған ақшаны қайтарып алатыныңа 100 пайыз сенімді боласың. Еш ойланбастан өтірік айтып, қарыздың үстіне қарыз алып, бір ірі ұтыс болғанда барлығын бірден қайтара саламын деп ойлайсың. Сөйтіп, барған сайын былыққа батып бара жатқаныңды байқамайсың", – дейді Асқар.

Айтуынша, құмар ойынға қатты берілген адамдар айналасында болып жатқан дүниені ұмытып, құдды бір гипнозда жүргендей күй кешеді.

"Букмекерлік кеңседе жүріп, небір адамдарды кездестіресің. Сол жерде түнейтіндер де бар. Үйін кепілге қойып, несие алып, бар ақшасын ұтылып, баспанасыз қалғандар бар. Сөйтіп отбасынан айырылады, барлық туған-туысы, достары теріс айналады. Сондай жағдайда кейбіреулер өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсайды", – дейді ол.

Расында да, статистикаға сүйенсек, лудоманияға шалдыққан адамдардың 60%-ы құқық бұзады. 13-тен 40%-ға дейіні өз-өзіне қол жұмсайды, 32-70%-ының басына суицид жайлы ой келеді.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Сондай-ақ осы жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған.

Бақытына орай, Асқар мұндай ауыр проблемаларға жеткізбей жатып, құмар ойындардан бас тартып үлгерген. Оның бұл тәуелділігінен құтылуына діннің ықпалы тиген екен.

"Бірде жолдас балам жұма намазына мешітке ертіп апарды. Өзімнің мешітке бармағаныма біраз болған еді. Бір ғажабы, имам құмар ойындардың зияны туралы уағыз айтып отыр екен. Қаншама жыл мешітке бармай жүріп, бір барғанда өзіме қатысты уағыз естігеніме қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, сол кезде естіген уағыз маған қатты әсер етті. Содан кейін, интернеттен уағыздарды, түрлі діни бағдарламаларды, сұқбаттарды жиі көре бастадым. Жұма намазын қалдырмауға тырыстым. Аллаға шүкір, намаз бастап, бұрынғы жаман әдетімнен арылдым. Бірте-бірте қарыздарымнан құтылып жатырмын", – дейді Асқар.

Расында да, құмар ойынға тәуелділік секілді ауыр дерттен құтылу үшін адамның рухани дамуы аса маңызды. Дін адамға рухани азық беріп, жаман әдеттермен күресуге жігерлендіреді. Дін өкілдерінің бұл мақсатта атқарып жатқан жұмыстары да аз емес.

Мәселен, жақында Алматыда "Дін әлеуметтік тепе-теңдік үшін: құмар ойындарға тәуелділікпен күрес" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға әртүрлі діни конфессиялардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, түрлі облыстардың жетекші сарапшылары мен мамандандырылған оңалту орталықтарының өкілдері қатысып, қоғам дертіне айналған мәселе бойынша өз ойларымен бөлісті.

Ал Алматы Орталық мешітінің нәиб имамы Тимур Алиев құмар ойынға тәуелділіктен емделу үшін мешітке келетіндер санының күрт өскенін мәлім етті.


"Әр апта сайын бізге лудомандардың әйелдері, туған-туыстары келіп, көмек сұрайды. Осыдан ақ құмар ойынға берілген адамдар санының артқанын біле аламыз. Ал лудомандардың өзі көбінесе психологтарға, әртүрлі сауықтыру орталығына барып, ем таппағаннан кейін ғана мешітке жүгінеді. Біз қолдан келгенше көмек беріп, түзу жолға салуға тырысамыз. Шын ниеттенуін сұраймыз. Лудомандарды емдеуде үлкен төзім керек. Барлығымыз жұмыла кіріссек, оларды ауруынан айықтыра аламыз", – деді имам.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: