Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында қызылша жұқтырғандар саны артып барады

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының курсанттары арасында қызылша жұқтырғандар саны арта түскен, деп хабарлайды Zakon.kz.

6 желтоқсанда ОКҚ-да өткен брифингі барысында ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен тежелетін инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы Нарғыз Мұратова ҚР Ұлттық ұлан академиясында қызылша ауруы тарап жатқанын нақтылады. 

"Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұлан академиясында қызылшаға күдік келтірілген 50 жағдай тіркелді, оның 43-і зертханалық деңгейде расталды, екеуі ЖРВИ болып шықты, ал тағы бесеуі бойынша талдаулар әлі де жүргізілуде. Жағдай өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында". Нарғыз Мұратова

Оның айтуынша, үлкен ұжымдарда қызылшаның өршуі туындаған жағдайда инфекция ошағындағы 30 жасқа дейінгі байланыстағы тұлғаларға вакциналау жүргізіледі, науқастар оқшауланады, медициналық тегін көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көмек көрсетіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында Ұлттық ұлан академиясы курсанттарының қызылша жұқтырғаны туралы 13 қарашада белгілі болды. 29 қарашада мұнда аталған аурудың 29 жағдайы тіркелген болатын. 

Петропавл
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: