Ұлытау облысының әкімі Қаражал қаласында халықпен кездесіп, маңызды мәселелерге тоқталды

Тұрғындармен жүздесуде соңғы он айда аймақта атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар баян етілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтар болсақ, Ақтай шағын ауданында №6 жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда, мектептерде инклюзивті кабинеттер ашылды, оқушыларды тасымалдауға автобустар берілді, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Жәйрем кентінде 120 орындық балабақша салынуда, аулаларды, саябақтарды абаттандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде, қалаішілік орташа жолдарды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Одан бөлек, тұрғын үйлердің төбелерімен қасбеттерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жиында белгілі болғандай, аймаққа келер жылы газдандыру жұмыстары жеткізілетіні айтылды. Ол - Жәйрем кентінен бастау алмақ. Осы тұрғыда қаражалдықтар тарапынан көгілдір отынды жеткізуде төлем қолайлылығын жасау қажеттігі жайында айтылды.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ тұрғындар кездесуде мал бағатын жердің жеткіліксіздігі, қуаңшылық, жол, егістік суаруға арналған судың аздығы жайында сұрақтар қойды. Одан бөлек, қаладағы бассейн құрылысы мен кәріз желілерін жаңғыртуда жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын қадағалауда ұстауды, "Қазпошта" АҚ-ның филиалын ашуды, Жезқазған бағытына пойыз қатынасын жандандыруды өтініш етті.

Жиыннан кейін Берік Әбдіғалиұлы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына бас аяғы 8 адам жазылған. Келушілердің сауалдары коммуналдық қызметтер, медицина, баспана, жол мәселесіне қатысты болды.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кету керек, биыл өңір инвесторларға тартымды болып отыр.

"Кешенді жоспарды жүзеге асыру басталғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылды. Жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге, оның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестиция түседі", - деді әкім.

Сонымен қатар облыс әкімі Ұлытауда жыл басынан бері қуаты жылына 20 миллион кірпіш шығаратын кірпіш зауыты жұмыс істеп жатқанын, алдағы екі-үш жылда жел электр қуатына арналған металл конструкцияларын шығаратын зауыт пайда болатынын айтты. Жалпы құны 7 млрд теңге болатын жоспарланған алты инвестициялық жоба агроөнеркәсіп кешеніне әсер етіп, 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аймақ басшысы өзекті мәселелерді шешуге де тоқталды. Соның бірі жол, әсіресе Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол мәселесі:

"Жолдың Қызылорда бөлігі аяқталып жатыр, бірақ Жезқазған бөлігі биыл бағаның көтерілуіне байланысты тоқтатылды. Жол құрылысына бөлінген 90 миллиард теңге жетпеді. Қазір үкімет қаржыны Азия даму банкімен (АДБ) бірлесіп, 145 миллиардқа дейін көбейтті. Келесі жылға 50 миллиард бөлініп, конкурс өтіп жатыр". Облыс әкімі

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, жыл басынан бері жолдың небәрі 172 шақырымы (6,5%) қайта жөнделді. Оның 15 шақырымы - республикалық, 53 шақырымы - облыстық маңызы бар жолдар (құрылысы 10,2 шақырым, қайта құру 6,5 шақырым, орташа жөндеу 36 шақырым ). "Ауыл-Ел бесігі" мәліметі бойынша, жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам қаржыға 45 және 59 шақырым қалаішілік жол жөнделген.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: