Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Күлімхан Өскенбаева дүниеден озды

37 жыл бұрын еліміздің тәуелсіздігі үшін алаңға атойлап шыққан өрімдей қыз-жігіттер арасында болған, желтоқсан қаһарманы Күлімхан Өскенбаева дүниеден озды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Желтоқсан қарлығашы желтоқсанның 37-ші таңын бүгін бақилық ғұмырмен қарсы алғанын естіп отырмыз. Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Күлімхан Өскенбаевадан (Усканбаева) да айырылып қалдық. 1986 жылы осы күндерде алған жарақаттың соңы 37 жылдан соң өзі әкелген Тәуелсіздік мерекесін, яғни, дәл бүгінгі таңды ажал оғымен қарсы алуға мәжбүрлейді деп кім ойлаған", деп жазды "Желтоқсан ақиқаты" патриоттық қозғалысының мүшесі Аманғазы Кәріпжан Facebook-тегі парақшасында.

Күлімхан Өскенбаева  - желтоқсан оқиғасын басынан өткерген адамның бірі, ІІ-топтағы мүгедек, "Желтоқсан ақиқаты" патриоттық қозғалысының белсенді мүшесі.

Сурет: Facebook/Аманғазы Кәріпжан

Күлімхан Өскенбаеваның естелігінен:

"...18 күні өзім де таяқ жедім басымнан, қазір ІІ-топтағы мүгедекпін. Дәметкенді құтқарамын дегенде басыма бірдеңе тиді. Көзі-басымды қан жауып кетті. Жанымда Айжан, Пернеқыз деген қыздар бар, есімді білмеймін, олар мені құтқарып қалды. Дәметкенің белінен ұрған, әлі күнге дейін бір жағы кеміс. Алаңға барғанда Роза Бағланова жылап тұрып айтты: "Қыздар, балдарым  кетіңдер!" деп. Біз тыңдаған жоқпыз. Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз: "Товарищи!" деп сөйлегенде, қасымыздағы бір жігіт: "Өзіміз орыстан құтыла алмай тұрғанда!" деп тура мойнынан бір ұрғанын білемін. Нұртай Сабильянов сөйледі. Болашақ президентімізді де көрдік: "Қайтыңыздар, арты жаман болады" деген сөздерін естідік. "Менің Қазақстанымды" айтып, тізерлеп отырдық. Отырғандарды машина баспайтын шығар деп едік, оған да қараған жоқ...".
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: