Қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді - Олжас Бектенов

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығы ставкасы көтерілмейді, деп мәлімдеді Премьер-Министр Олжас Бектенов, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан Үкіметінің отырысында 2024 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс (+12,8%), көлік және қоймалау (+11,4%), ақпарат және байланыс (+10,6%), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (+6,9) ең жақсы динамиканы көрсетуде.

Алдын ала қорытындылар бойынша 2023 жылы сыртқы сауда айналымы 3,2%-ға $140 млрд-қа дейін өсті. Экспорт шамамен $79 млрд-қа жетті, өңделген тауарлар экспорты $25 млрд-тан, ал импорт $61 млрд-тан асты. Жалпы оң сауда балансы шамамен $18 млрд-қа тең.

Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге кіріс түскенін айтты – жоспар 111,5%-ға орындалды. Республикалық бюджет 521 млрд теңгеге, жергілікті бюджеттер 526 млрд теңгеге толықты. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,9%-ға орындалды.

Сонымен қатар отырыста қаңтар айының қорытындысы бойынша ең төменгі даму көрсеткіштеріне қол жеткізген өңірлер басшылары баяндама жасады. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бар.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің айтуынша, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.

"Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде биыл 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Жоспарда нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуы тиіс", — деді Үкімет басшысы.

Оған қоса Олжас Бектенов биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскеніне назар аударды. Оның ойынша, мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді.

"Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет, оған жеткілікті өкілеттіктер берілген. Министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету", — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, инвестициялар жалпы ішкі өнімнің өсуінің негізгі драйвері ретінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыру негізгі фактор болып отыр.

"Инвестиция тартудың біртұтас экожүйесін құру, инвестициялық жобаларға тиімді қолдау көрсету, сондай-ақ жобаларды уақытылы іске асыру үшін жағдай жасау Үкіметтің осы бағыттағы үйлесімді жұмысының көрсеткіші болады", — деп белгіледі Үкімет басшысы.

Ол үшін Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен даму институттарының жұмыс тиімділігін арттыру, сондай-ақ нысаналы индикаторларға қол жеткізілмейтін болса, олардың жауапкершілігін арттыру бойынша пәрменді және ынталандырушы KPI белгілеуді тапсырды.

"Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді", — деді Олжас Бектенов.

Қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың тағы бір маңызды факторы. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі.

"Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басымдық берілуі қажет. Қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көсетілуі керек. Яғни, өндіріс неғұрлым күрделі, технологиялар кеңінен қолданылатын болса, кредит ставкасы да соғұрлым төмен болуы немесе кредит мерзімі ұзағырақ болуы керек", — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы отандық бизнеске қаржыландыру қолжетімді болуы тиіс, оның ішінде бюджеттен басқа көздерді пайдаланып, кепілдік беру тетіктерін кеңейту қажеттігін айтты. Бұл жергілікті кәсіпорындарға шетелдік жеткізушілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Орта бизнесті дамытуды қолдау үшін Олжас Бектенов мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарап, өндірісті 2-3 есе кеңейткісі келетін барынша табысты орташа кәсіпорындармен келісімдер жасауды жеделдетуді тапсырды.

"Бизнесті тексеруге жарияланған мораторий биыл аяқталды, бірақ бұл кәсіпкерлерге әкімшілік жүктеме түсірмеуге тиіс. Адами факторды алып тастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі толық көлемде қолданылуға тиіс", — деді ол.

Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

"Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс", — деді Премьер-Министр.

Оған қоса Олжас Бектенов қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейтінін айтты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды", — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министрдің сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.

"Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады", — деп түйіндеді ол.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: