Алматы облысында 50 отбасы жарты ғасырдан бері орталық жылусыз отыр

Алматы облысында көпқабатты үйде тұратын 50 шақты отбасы жарты ғасырдан бері орталық жылусыз отыр. Талғар ауданыны қарасты "Алтын дән" елдімекенінің тұрғындары жанайқайымызды әкімдік ескермей келеді дейді.

Әркімнің өз бетінше қойып алған жылу пештері талапқа сай емес. Бір күні жазым боламыз ба деп алаңдайды, деп жазады qazaqstan.tv.

Аида Сағымбекқызы бұл ауылда 25 жылдан бері тұрады. Содан бері орталықтан жылу бөлетін қазандық көрмегенін айтады. Көпқабатты үйдің тұрғындары өз беттерінше амал жасап, жылынып отыр. Бірі пешке газ балонын қосса, енді бірі дизель отынын пайдаланады.

"Бұл жерде көбісі қарт адамдар. Жастар, көп балалы аналар және жалғызбасты зейнеткерлер. Біз картада, 2ГИС-те де жоқпыз. Жедел жәрдем шақырғанда біз қиналамыз." Аида Сағымбекқызы, "Алтын дән" ауылының тұрғыны

Бұл төрт қабатты қос үй 1978 жылы іргесінде тұрған санаторий қызметкерлері үшін салынған. Кеңес Одағы құлағанда демалыс орны тарап, бұл пәтерлер жылусыз қалған. Содан бері әркім шамасына қарай пеш орнатып, жылынуға мәжбүр.

"Өте қымбатқа түсіп отыр. Осы кісілердің анау төртінші этажға көмірді көтеріп бара жатқандарын көргенде жанымыз қиналып кетті. Елдің қалтасына көп түсіп жатыр. Қысқы уақыт. Жарты жыл жылынады ғой мына жер. Салқын өзі." Сембек Айтбаев, "Алтын дән" ауылының тұрғыны

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, бұл тұрғын үйлерге жылу қазандығын орнату туралы былтыр жобалық - сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Биыл қазандық салынады деп сендіріп отыр. Ал неліктен бұған дейін шешілмегенін түсіндіріп бере алмады.

"7 наурыз күні құрылыс жұмыстарына конкурс жарияланды. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін, құрылыс жұмыстары басталатын болады." Олжас Маратұлы, Талғар аудандық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің бас маманы

Қазандықты орнату жұмыстарын бастау мамыр айында жоспарланған. Оған жергілікті бюджеттен 95 млн теңге бөлініп отыр. Ал оған дейін тұрғындарға апатты жағдайда тұра тұруларына тура келеді.

Қазақстан Алматы облысы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: