Вашингтонда сакура гүлдеді

АҚШ астанасында сакура гүлдеп, Капитолий маңы алқызыл гүлге оранды. Жергілікті жұрт шие ағаштарының бүршік атуы көктемнің келгенін білдіреді дейді.

Бұл Капитолийден басталып Потомак өзеніне дейін созылып жатқан саябақ. Алқызыл түстерге боялған сакура ағаштары көздің жауын алады, деп жазады qazaqstan.tv.

Табиғаттың осынау керемет сәтін қалт жібермеуге ұмтылған қала тұрғындары мен туристерде есеп жоқ. Лоуес Мендес мың шақырым жердегі Флоридадан арнайы жеткен. Тіпті күннің желді болғанына қарамастан немересін де ала келіпті.

"Бұл ағаштар жылына бір рет қана гүлдейді. Бұл бізге берілген ғажайып сыйлық. Мұнда көктемнің келгенін, жаңа өмірдің басталғанын сезесің. Сол сәттерді суретке түсіріп қалуға асығасың." Лоуес Мендес, Флорида тұрғыны

Биыл да күн тез жылынып, шие ағаштары екі апта ерте бүршік атты. Алқызыл бояулы көрініс әдетте 14 күнге дейін созылады. Бірақ қатты жел тұрып, жаңбыр жауса, сакураның нәзік гүлдері тез түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан бірнеше күннен бері мұнда асыққан адам қарасы көп. Жалпы жыл сайын шамамен 1,5 миллион адам сакураны тамашалауға осы саябаққа арнайы келеді екен.

"Демалыс күндері бұл жерде аяқ алып жүру мүмкін болмады. Сұмдық кептеліс болды. Бүгін жұмыс күні. Сондықтан көп кептеліс жоқ. Десе де мұнда келушілер аз емес, көлік қояр жер таппайды. Мен мотоциклмен келдім. Қонақтарымды да осы көлікпен әкеліп жүрмін. Көліктер арасынан оңай өтіп кетем, тоқтау үшін арнайы орын да қажет емес." Кевин Трэн, Вашингтон қаласының тұрғыны

Вашингтон жұрты мақтана көрсететін саябақтың жұмыс істеп тұрғанына бір ғасырдан асқан. 1912 жылы Токио мэрі АҚШ пен Жапония достығының белгісі ретінде үш мың шие ағашын сыйға тартыпты. Содан бері сакураның гүлдеуін тамашалау дәстүрі үзілмей келеді. Оның әдеттегіден ерте бүршік артуына ғаламдық жылыну тікелей әсер етіп жатыр дейді мамандар. Мәселен, 50 жыл бұрынғымен салыстырғанда мұндағы ауа райы екі градусқа жуық жылыған. Тіпті, қыс мезгілінің 20 күні жылы болып тұрады. Яғни, Астанамен салыстырғанда Вашингтонға көктем ерте келеді.

АҚШ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: