Соңғы жарты жылдың өзінде Ұлыбританияны 8 түрлі дүлей дауыл шарпыды. Желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетіп, жауын-шашынның кесірінен өзендер арнасынан тасыды, деп жазады qazaqstan.tv.
Мыңдаған үйді су басып, тұрғындар қаза тапты.
"Дауылдардың көбеюіне жаһандық жылыну себеп. Өкінішке қарай, болашақта мұндай табиғи апаттардың талайын көреміз." Майк Кендон, метеорологиялық қызметтің аға ғылыми қызметкері
Кезінде ковидпен күрескендей су тасқындарына да ұлттық деңгейде қарсы тұра білу керек. Үкімет сын-тегеуріндерге дайын болып, ескертулерге құлақ асады деп үміттенеді ғалымдар.
"Топан суға төтеп беру үшін әрекет етуге міндеттіміз. Инфрақұрылымдарымызды жоспарлауға келгенде оларды нығайту мәселелерін басты назарда ұстауымыз қажет." Кэвин Коллинз, OPEN Университетінің ғалымы
Жағдай алаңдатарлық. Мамандардың пікірінше, атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі артып жатыр. Ауаны ластайтын зиянды заттардың әсерінен биылғы жыл тіпті ыстық болып, табиғи ауытқулар жиілейді деп болжануда.