Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жылыой ауданының орталық ауруханасындағы науқастар Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық ауруханасына толықтай эвакуацияланды. Атап айтқанда, 39 науқас және олардың жанындағы 8 қамқоршысы. Эвакуацияланғандардың ішінде 2 жүкті әйел, 8 босанған әйел және 13 бала (төртеуі жаңа туған сәби) бар.
"Су алған аймақтан жансақтау бөлімінде жатқан үш, хирургия бөлімінен жеті, терапия бөлімінен алты науқасты эвакуациялау мүмкін болды. Бейнеу аудандық ауруханасында 300 төсек орын жасақталды. Қашықтығы 225 шақырымды құрайтын Бейнеуге дейін науқастарды 14 реанимациялық көлік және 1 Икарус автобусы жеткізді. 8 дәрігер (2 реаниматолог, 2 хирург, 2 терапевт, 2 гинеколог), 20 медицина қызметкерлері жұмылдырылды", - деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Сонымен қатар науқастармен бірге емдеуші дәрігерлер де ілесіп барады. Олар дәрі-дәрмектің барлық түрімен қамтылды. Қызметкерлер Бейнеу аудандық ауруханасына бара отырып, емдеу-сауықтыру жұмыстарына көмектеседі.