Қазаққа құда - ДДСҰ басшысы немересімен бірге Ұланғасыр Қамидың әніне би биледі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесус немересімен бірге Ұланғасыр Қамидың "Дискотека" әніне биледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Көңілді видеоны 14 сәуірде ДДСҰ басшысы өзінің Х аккаунтында жариялады.

"Демалыс күнгі би, #Қазақстан музыкасы, немерем Коймен бірге. Балаларымыздың жарқын болашағынан үміт күтеміз", – деп жазды Тедрос Гебрейесус видео сипаттамасына.

ДДҰ басшысының немересі жартылай қазақ. Оның ұлы Эммануэль қазақ қызы Айдананы жар етіп алған.


Бұған дейін хабарланғандай, Тедрос Гебрейесус 2023 жылы 23 қазанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференцияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құда деп атаған болатын. Ол өзі үшін Қазақстан ерекше маңызды ел екенін, өйткені екі немере сүйдіріп отырған келіні қазақ екенін айтқан еді. 

2022 жылдың тамызында Тедрос Гебрейесус қазақ тілін үйренуге ниетті екенін мәлімдеді.

Айта кетсек, 2021 жылы танымал ақын Жүрсін Ерман жиен немересіне батасын беріп, осыдан үш жыл бұрын Тедрос Гебрейесустың үлкен ұлына қазақ салтымен ұзатқанын айтқан болатын. "Менімен ақылдасқан ешкім жоқ. Ылғи сыртта болған бала ғой. Менталитеті басқаша болды. "Теңін тапса тегін бер" дейді ғой. Біз батамызды беріп шығарып салдық. Мені жазғырып несі бар? Өз ата-анасы бар. Әкесі – Дәулет Тұрлыханов. Шешесі – менің қызым Ардақ Ерманова", - деген еді ақын сол кезде.

Қазақстан ДДСҰ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: