"EGov mobile" платформасындағы сауалнама: Баланы гаджеттен аластатудың тиімді тәсілі аталды

2024 жылдың 22-27 мамыры аралығында "eGov mobile" платформасында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бірнеше сауалнама жүргізілді. Мәселен, баланы гаджеттен алыстатудың ең тиімді әдісі ретінде көп берілген жауап: құрылғыны пайдалану уақытына шектеу қою, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, баланы интернет пен гаджеттен алыстатудың ең тиімді әдісі – құрылғыны пайдалану уақытына шектеу қою (24,7%).

"Одан бөлек, құрылғыға "ата-ана бақылауы" функциясын орнату (18,8%), одан кейін профилактикалық әңгімелер (14,3%) және бала орнатқан қосымшалар мен ойындарды бақылау (13,0%) әдістерін көрсеткен".

Сонымен қатар, ешқандай шара қолданбаймын (4%) және гаджеттер мен интернетті пайдалануға рұқсат бермеймін (4%) деген нұсқалар бірдей көрсеткішке ие болған.

Сондай-ақ балаларды қорғау күнін мерекелеудің ең танымал түрі саябақтарда серуендеу және ойын-сауық аттракциондарына бару (35,5%) болып шықты.

"Сұралғандардың 18,0% бала-шаға, немерелерімен бірге жүріп мерекелік іс-шараларға қатысамыз десе, 11,7% балаға мерекелік сыйлық немесе ақша береміз деп жауап берген".

Сауалнамаға қатысқандардың пікіріне сай бала тәрбиесі ісінде адалдық пен мейірімділік (26,3%) және сапалы білім беру маңызды (22,0%).

Сондай-ақ, бала тәрбиесінде өзіндік тәртіп қалыптастыру, еңбекке баулу, ұйымшылдық құндылықтары (15,4%) мен салауатты өмір салтын насихаттау (15,6%) да өте маңызды.

"Әрбір оныншы адам патриотизм мен Отанға деген құрметке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өткен".

Қазақстандықтардың жартысынан астамы (52,3%) қауіпсіздік ережелері мен қоғамда өзін дұрыс ұстау нормаларын балаға ата-аналары/жақын туыстары үйретуі тиіс деп санайды.

Сондай-ақ, сұралғандардың 28,8% ата-анадан кейін білім беру мекемелерінің қызметкерлері – мұғалімдер мен тәрбиешілер балаға қауіпсіздік ережелері мен қоғамда өзін дұрыс ұстау нормаларын түсіндіруі деген пікірде.

Одан басқа, жаттықтырушылар, тәлімгерлер, полиция қызметкерлері, психологтар жауапты деген нұсқаларын таңдағандардың үлес салмағы 18,9% құрайды.

Сонымен қатар мінез-құлық нормалары мен қауіпсіздік ережелерін баланың өзі үйренуі тиіс (2,7%) деп санайтындар да бар.

Айта кетсек, елдімекендердің сипаты, сұралғандардың жынысы мен жасына байланысты корреляцияларда айтарлықтай айырмашылықтар байқалмайды.

Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 20 855 адам қатысқан. Оның 35,9% ер, 63,2% әйел азаматтар; 70,7% қала тұрғындары және 29,3% ауыл тұрғындары; 66,0% қазақтар және 34,0% басқа этностар; 23,0% (18-29 жас), 58,0% (30-45 жас), 16,3% (46-60 жас), 2,6% (61 жас және одан жоғары).

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: