Алматы облысында қарияның көлігін ұрлап кеткен күдікті ұсталды

Алматы облысының полицейлері қарт адамның автокөлігін айдап кеткен күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

28 мамырда Қарасай аудандық полиция басқармасына Toyota Camry автокөлігін айдап кеткені туралы Жалпақсай ауылының 76 жастағы тұрғыны арызданды. Қаскүнем көлікті түннің бір уақытында ұрлап кеткені анықталды.

"Хабар алғаннан кейін полицейлер дереу іздестіру шараларына кірісіп, ұрланған автокөліктің ықтимал қозғалыс маршруттарын және күдіктінің жеке басын анықтау бойынша қажетті іс-шаралар өткізді. Өңірдің барлық қызметтері мен көршілес департаменттерге автокөлікті және айдап әкету жағдайларын егжей-тегжейлі сипаттайтын бағдарлар жіберілді", - деді Қарасай аудандық полиция бөлімінің бастығы Елзат Қанатұлы.

Күдіктіні патрульдік полиция батальонының қызметкерлері байқап, аймақтың автожолдарының бірінде ұстады.


"Қызметкерлердің бірлесіп атқарған жұмысы мен қызметтер арасында жедел ақпарат алмасудың арқасында біз күдіктіні тауып, ұстадық. Ұрланған көлікті 27 жастағы Қаскелең тұрғыны басқарған. Құқық бұзушы ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді", - деді Алматы облысы ПД ППБ командирі Дархан Байшоинов.

Қазіргі уақытта ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған адамның аймақтағы басқа да осындай қылмыстарға қатысы тексеріледі.

Полиция азаматтарға сақ болып, күдікті адамдар мен көлік құралдары туралы дереу хабарлауды ескертті. Бұл қылмыстың алдын алуға және ашуға айтарлықтай көмектеседі.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: