Қазақстанда Құрбан айт намазының уақыты анықталды

2024 жылдың 11 маусымында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) еліміздің аймақтарында Құрбан айт мерекесіне орай айт намазының уақытын белгіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бір қызығы, елдегі бір уақыт белдеуіне қарамастан, намаз уақыттары әр өңірде әртүрлі.

Сурет: muftyat.kz

ҚМДБ сайтында атап көрсетілгеніндей, зул-хижжа айының алғашқы он күнінде бар ықыласпен ғибадат етіп, жақсылық пен сауапты амалдарды көбірек жасауға тырысу керек.

Сондай-ақ Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде мүмкіндігі бар мұсылман құрбандық шалуы керектігі айтылады.

Бұған дейін ҚМДБ Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымнан 16 маусымға ауысқанының себебін түсіндірді.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі әр жылдың төртінші тоқсанында келер жылдың діни мерекелері мен күндері көрсетілген кесте әзірлейді. Онда хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалады. Сонымен бірге пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертіп отырады.

Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.

Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады.

Осыған орай, маусымның 6-шы кеші жаңа айдың нақты көрінуіне байланысты 7 маусым зул-хижжа айы басталды. Сол себепті жыл басында ескерткеніміздей құрбан айт күні бір күн бері жылжып, 16 маусымға сай келді.

Осы түсініктемеден кейін 2024 жылғы 7 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) ресми мәлімдеме жасады. 2024 жылдың 17 маусымында Құрбан айтты тойлауға байланысты қосымша демалыс болмайтыны белгілі болды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: