Тәлімгерлік Жұмыс беруші шетелдік қызметкерді тартқан кезде жүзеге асырылады.
Қазақстандық қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында 6 айдан 12 айға дейінгі кезеңге тәлімгер бекітіледі.
Тәлімгер-өндіріс технологияларын немесе қызмет көрсету саласын меңгерген, өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға басшылықты жүзеге асыратын кәсіпорынның (ұйымның) білікті шетелдік қызметкері.
Тәлімгерді бекіту Жұмыс берушінің актісімен ол жұмысқа кіріскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей рәсімделеді.
Қызметкерге (қызметкерлерге) бір тәлімгер бекітіледі, бұл ретте қызметкерлердің саны тәлімгердің жұмыс жүктемесіне (негізгі жұмысына) сүйене отырып айқындалады.
Тәлімгерлік мыналарды қамтиды:
- жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарына сәйкес бірінші, екінші, үшінші және төртінші санаттағы шетелдік жұмыс күші қатарынан тәлімгерді бекіту;
- тәлімгердің жұмыс жоспарын іске асыру;
- тәлімгердің жоспарды іске асыру туралы есеп жасауы.
Жұмыс беруші:
- шетелдік қызметкер тәлімгерлік жүргізу кезеңінде жоспарда шетелдік қызметкердің тәжірибесін, құзыреттерін, дағдыларын беруді қамтамасыз ететін, оны Қазақстанға тартуға негіз болған шараларды көздейді;
- тәлімгерлер мен қызметкерлерге жұмыс тәжірибесін беру бөлігінде жағдай жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды;
- шетелдік қызметкерден алған тәжірибені қазақстандық қызметкерлерге таратуға ықпал етеді.
Тәлімгер:
- жоспарды іске асыруды жүзеге асырады;
- қызметкердің кәсіби дағдыларын, білімін дамытуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ оны Қазақстанға тартуға негіз болған тәжірибе мен құзыреттерді беруге ықпал етеді;
- қызметкермен кәсіби әңгімелер өткізеді.
Тәлімгер тәлімгерлік аяқталғанға дейін үш жұмыс күні бұрын жоспардың іске асырылуы туралы (еркін нысанда), сондай-ақ тәлімгерлік кезеңінде қызметкердің алған білімі мен дағдылары туралы есеп дайындайды.
Жоспарды іске асыру туралы есепті тәлімгер тәлімгерлік аяқталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тәлімгерлік ұйымдастырылған кәсіпорынның кадр қызметіне жібереді.
Бұйрық 2024 жылғы 30 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.