"Жұрттан қалғандай сезім" синдромы: Жазды қалай құр өткізбеуге болады

Жазды ұзақ күтетін адамдар көп. Бұл мезгілде адамдар көптен күткен демалыстарына барады. Алайда көбіне бұл уақытта жоспарланған демалыс болмай қалады, жаздың әр күні қарапайым, күнделікті түрде өтеді.

Кейін жаздың соңына қарай кей адамдар іштегі жалғыздықты сезінеді. Жаз бекер өткендей күн кешіп, мүмкіндігінен айырылып қалғандай сезімде болады.

Біз бұл сұрақты психолог мамандарға қойып көрдік.

Психотерапевт Шаттық Қалидің сөзінше, әр адам жазды ерекше етіп өткізуге тырысады. Алайда жаздың соңы таяғанда өзіне көңілі толмай, жабырқайтын жандар жетерлік. Бұл жағдайда не істеу керек?

"Мен психолог маман ретінде жазда белсенді боламын деген мақсат қоймау керектігін айтар едім, шын мәнінде сіз үшін маңызды, жаныңызға рахат сыйлайтын істерге мән беріңіз. Өйткені әрқайсымыз бірегей тұлғамыз, әр адам өз өмір жолын өзі табады, әркімнің бақытқа жету жолы әртүрлі. Мысалы, кейбір адам тыныш жерде кітап оқығаннан ләззат алса, кейбіреулер достарымен кездескеннен бақыт табады, ал кейбірі су жағасында өмірдің рахатын сезінуі мүмкін. Таза ауада күн сайын жаздың тамылжыған табиғатына тамсанып серуендеңіз", - деді маман.

Психолог күн шығып тұрған кезде табиғи D дәруменін алып қалыңыз деп кеңес береді. Алайда бұл істі денсаулыққа зияны тимейтін сағаттарда жасаған жөн.

"Жаз – спортпен айналысуға таптырмас кезең. Өйткені қыста күн салқын, далаға шығу ыңғайсыз. Шөптің өзіне жатып ұйықтап алсаңыз да болады, жаздың табиғатымен рахаттаныңыз. Осы қарапайым кеңестерді ұстансаңыз, мүмкіндікті жіберіп алғандай сезім сізде болмайды. Өтіп кеткен жаз туралы тек тәтті естеліктер жадыңызда сақталатын болады", - дейді Шаттық Қали.

Ал отбасылық психолог Айтолқын Құлшарованың пікірінше, мүмкіндікті жіберіп алғандай сезім көп адамның бойында болады.

"Шынымен жазды ғана емес, тіпті бүкіл өмірін сезінбейтін феномен бар. Бұндай адамдардың бала кезінен жанында жарақаты қалған. Тек қайғырғанды, мұңайғанды ұнататын адам болады. Олар өзінің демалысын да жоспарламайды. Өзінің өмірін жақсартуға талпынбайды. Бұндай адамдар терапия бастауы үшін психологқа жүгінуі тиіс. Жаз мәнді өтуі үшін адам өзінің жазғы демалысын нақты жоспарлауы керек", - деді маман.

Маман әр айға жоспар құру керектігін қадап айтты.

"Әр айға жоспар құрыңыз. Осы уақыт аралығында не істеп үлгеруім керек? Тізімге бұрын істемеген істеріңізді қоссаңыз, нұр үстіне нұр болады. Мысалы, бұрын-соңды бармаған жеріңізге бару дегендей. Бұл өзіңіздің ойыңызда жүрген істер болуы керек. Әсіресе жаз бекер өткендей сезім жазда жұмыс істейтін жандардың бойында болады. Бұндай жандар демалыс күндері табиғатқа шығып, өзен, көл жағасына баруы тиіс", - деді психолог.

Адам көбіне өзін өзгелермен салыстырып отырады. Сол себептен өзгелердің жазда шетелде, әдемі жерлерде жүргенін көріп, көңіл-күйі түсіп, өзіне ренжумен болады.

"Бала кезді есіне алғанда адам өзінің мәз-мейрам болып суда шомылып жүргенін есіне алады. Біз көбіне өткен шақтағы сәтсіздіктерімізді ойлап, болашаққа қорқынышпен қараймыз, соның әсерінен бала кезіміздегідей дәл қазіргі сәттің дәмін сезіне алмаймыз. Алайда негізгі себеп тереңде. Өз өміріңе көңілің толмаудың салдарынан жазды да құр жібергендей әсерде боласың. Шын мәнінде жылдың қай мезгілі де өзінше ерекше", - деді маман.

Психологтың пікірінше, адам көбіне елден қалмаймын деген ниетпен ғана адасады.

"Психологияда "FOMO синдромы" деген бар. Ол – бір нәрсені жіберіп алғандай сезім. Ол адам бойында мазасыз күй тудырады. Бұндай адам қарсы бағытта жүріп бара жатқан пойыздың соңғы вагонына ілігіп қалуға тырысады. Алайда бұл оның жолы емес еді...

Өзіңізге 2 сұрақ қойыңыз. Жұрттан қалмаймын деп мысалы ретритке бардыңыз, кітап жаздыңыз немесе ағылшын тілін оқыдыңыз делік.

Алайда бұл істен сіз рахат алдыңыз ба? Егер "иә" болса, онда бәрі дұрыс. Егер "жоқ" десеңіз, онда сіз ішіңіздегі бос кеңістікті ондай істермен толтыра алмайсыз. Шын қалауыңызды жасаңыз.

Өмірде әр уақытта әртүрлі салалар бірде өсіп, бірде түсіп тұрады. Бұл – заңдылық.

Мысалы, сіз бір уақытта жұмыста табысты болдыңыз, сіз күш салмасаңыз да мансабыңыз өскен үстіне өсіп жатыр. Ал сүйікті ісіңіз, жеке уақытыңыз, демалыс екінші орынға қалды.

Келесі уақытта сізге басқа толқын келіп, демалыс пен саяхатқа уақытыңыз табылады, бұндай кезде мансабыңыз бәсеңдейді. Сондықтан әр кезеңде өмірден ләззат ала аласыз. Толқынмен алысқанша өмірдің әр кезеңіне фокус қою арқылы жетістікке тез жетесіз. Сондықтан өткенге өкінбей дәл қазіргі сәттен рахаттанып үйреніңіз. Сонда сізде өкініш, мазасыздық сезімі болмайды.

Мейіргүл Оңғарова

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: