Қазақстанда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін
Сурет: pexels
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект және агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.
"Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі ахуал 2018 жылы қабылданған "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" заңды қайта қарап, оған елеулі өзгерістер енгізуді талап ететінін айтты.
Сондай-ақ Президент Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлегенін мәлімдеді. Құжат биыл маусымда Парламент қарауына ұсынылған.
"Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген дамыған мемлекетте осыған ұқсас шаралар қабылданғанын атап өтті.
"Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке балаларды зиянды ақпараттан қорғау үшін контентті сүзгіден өткізу шараларын қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл мәселедегі жауапкершілікті тек ата-аналарға жүктеу дұрыс емес.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырды.
"Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.