Ақтаудың ауыз сусыз отырғанына 18 сағат болды

Ақтау қаласының тұрғындарына 19 шілдеде сағат 23:00-ден бастап 20 шілдеде сағат 9:00-ге дейін ауыз судың өшірілетіні хабарланды. Алайда, кеше 22:00-де жоқ болған суды ақтаулықтар таңертең сол күйі көрмеген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық әкімдіктің Telegram–чатына 20 шілдеде таңертең 10 мыңға жуық хабарлама келіп түсті, оның барлығы тек су мәселесіне қатысты сұрақтар.

"МАЭК" ЖШС ОСЖТ-2" мен "ОСЖТ-3" магистральдық су құбырында мәжбүрлі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты 19 шілде сағат 23.00-ден 20 шілде 09.00-ге дейін "ОСЖТ-3-тен" қаланың жоғарғы және төменгі аймақтарына ауыз су беру тоқтатылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", деп жазды "МАЭК" ЖШС кеше, 19 шілдеде.

Ал таңертең уәде етілген судың жоқ екенін көрген тұрғындар әлеуметтік желіде ашулы пікірлер қалдырып, өз наразылықтарын білдірді. Бұл құбырға жүргізіліп жатқан алғашқы жөндеу жұмыстары емес және әр уақытта су беру бойынша көрсетілген уақытта су беріле бермейді. 

"Құрметті, "MAЭK", кешірімдеріңізді қабылдай алмаймыз! Неліктен демалыс күндері жөндеу жұмыстарын жүргізесіздер? 18 сағат бойы бүкіл қалада су жоқ: не шомыла алмай, не тазалық жүргізе алмай, ақыр аяғы ыдыс-аяқты да жуа алмай жайрап отырмыз. Неліктен жөндеу жұмыстарын жұмыс күндері жасауға болмайды? Таңертеңнен бері құрғақ уәдемен тойдырып келесіздер, ал іс жүзінде су әлі жоқ. Үш сағат ішінде Астанадан Ақтауға ұшақпен ұшып баруға болады, ал МАЭК-тың құбырлары арқылы су таңертеңнен бері әлі қалаға жете алар емес!".
"Су қайда? Жаңа туған нәрестесі бар адамдардың жайын ойладыңыздар ба? Оның үстіне Ақтауды туристік қала деп қояды ма? Тәуліктеп сусыз отыратынын білсе, мұнда қандай туристер келеді? Су жетпейтін болса, жаңа ықшам аудандарды тұрғызуды доғарыңыздар! Заң бойынша, егер 8 сағаттан артық су болмаса, онда ықшам аудандарға су таситын көліктер шығуы керек. Адамдарға су беріңіздер немесе төтенше жағдай жариялаңыздар", деп жазады тұрғындар.

Таңертеңнен бастап су тасымалдайтын "ҚЖА" АІЖК ұйымының өкілдері резервуарларға су толтырылып жатқанын айтуда. Алайда, әлі күнге дейін су жоқ. "МАЭК" ЖШС тек кешке таман ресми түсініктеме берді:

"Қаланың жоғарғы аймағына беріліп жатқан ауыз судың қысымы мен шығыны жұмыс жүктемесінің 70%-ына жетті.  Қаланың төменгі аймағы бойынша "ОСЖТ-3" резервуары суға толтырылып жатыр, одан кейін қалаға ауыз су құбыр арқылы жетеді. Бұл шаралар құбырда ақау пайда болмас үшін қабылданды. Қаланың төменгі аймағына ауыз су беру режимі сағат 19.00-ге дейін тұрақтандырылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз".

Шілде айының басында қаланың үнем режиміне көшкені, Ақтаудың басым бөлігі ауыз сусыз отырғаны хабарланған. Ауыз су тапшылығына байланысты өңір әкімдігі автокөлік жуу орындарының жұмысын шектеу және ағаштарды суару жиілігін қысқарту туралы шешім қабылдады.

Ақтау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: