Су тасқыны, залалды жою, зардап шеккендерге салынып жатқан үй: Шарлапаевтың Ақмола облысындағы жұмыс сапары

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақмола облысы Бұланды ауданында жұмыс сапарымен болып, су тасқынынан зардап шеккен бұландылықтар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс қарқынымен танысты.

Бүгінде Иванковка ауылында 41, Капитоновка ауылында – 15, Журавлевка ауылында – 43 және Вознесенка ауылында – 16 үйдің құрылыс жұмыстары басталды.

Жоспарға сәйкес, салынып жатқан үйлер стандартты – бір қабатты, бір отбасына 80 шаршы метрді құрайды. Барлық жұмыс алгоритм бойынша орындалуда. Нөлдік циклден бастап құрылыстың барлық кезеңін өңір деңгейіндегі басқарма қадағалайды. Жергiлiктi деңгейде атқарылып жатқан барлық жұмыстардың барысы жергiлiктi атқарушы органның, құзырлы қызметтердiң, сондай-ақ облыстық, аудандық мәслихаттардағы депутаттық корпустың тiкелей бақылауында болатыны сөзсiз.

Министр мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесті. Қанат Шарлапаев кейбір ауылдардағы мердігерлердің жұмысын сынға алып, жұмыс қарқынын барынша жеделдетіп, міндеттердің сапалы орындалуын талап етілетінін жеткізді.

"Уақыт қарқынды жұмысты талап етеді, яғни бүгінде нысандардағы жұмыс тәулік бойына жүргізілуге тиіс, ол – техникалық, материалдық және еңбек ресурстардың жеткілікті болуы, сонымен қатар, сапа мәселесі бірінші кезекте болғаны абзал", - деп түйіндеді Қанат Бисимбайұлы.

Сапар барысында министр Капитоновка және Иванковка ауылдарындағы салынып жатқан үйлерге оң баға берді, себебі, мұндағы жұмыстың нәтижесі мен қарқыны көзге көрініп тұрғаны жасыррын емес. Қанат Шарлапаев атап өткендей, зардап шеккен тұрғындар мемлекеттің қолдауын сезінуі қажет, бастан өткен сын сағаттар артта қалып, жаңа баспанада ауыл тұрғындары жаңа жайлы өмір бастауы маңызды.

Қанат Шарлапаев су тасқынының зардаптарын жою және зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қарқынын да тексерді.

Бұланды ауданы әкімдігінің мәліметінше, облыста су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасуда. Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандарында 166 зардап шеккен отбасылардық тұрғын үйлері бойынша құрылыс жоспарланған. Бұланды ауданы – 115 үй. Вознесенка ауылында 16 үйдің құрылысы басталды, мердігер "МарСам" ЖШС.

Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 6 үйге арматураны байлау және қадаларды бұрғылау жұмыстары басталып кеткен. Учаскеде қазіргі уақытта 3 бірлік арнайы техника және 25 жұмысшы тартылған, дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша жұмыс күші жұмылдырылады.

Министр жоспарланған кестеден ауытқымай құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды.

Бұл ретте инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіруді және тұрғындарды жаңа баспанамен жуық арада қамтамасыз ету маңызды.

Ведомство басшысы сонымен бірге Ивановка ауылына барып, су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан үйлер құрылысының барысын тексерді.

Жалпы облыстың 4 ауданында су тасқынынан зардап шеккен 331 тұрғынға тұрғын үй салу жоспарланған.

Иванковка ауылында 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, олардың 20-сы екі пәтерлі және 1 үй - бір пәтерлі. Құрылыс жүргізіп отырған мердігер - "Saianur vip service" ЖШС.

Бүгінгі күні 8 үйдің қабырғасын қалау жұмыстары аяқталды, 22 үйдің қабырғасын қалау жұмыстары жалғасуда, 10 үйдің іргетасы құйылды, 1 үйдің іргетасын құюға дайындалды. Учаскеде 8 арнайы техника және 87 жұмысшы (оның ішінде қосымша 30 адам) жұмыс істейді.

Облыс қажетті қарқын алуы керек. Мақсат – сапалы, қауіпсіз және жайлы баспанамен қамтамасыз ету. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту. Өңірде баспана кезегінде тұрып, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасылар саны көп, - деді Қанат Шарлапаев.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: