Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің мәліметінше, Каспий күнін белгілеу Каспий теңізі мен қоршаған ортаны ластанудан қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенцияның күшіне енуімен байланысты. Осы Конвенция шеңберінде Қазақстан Республикасы теңіздің биологиялық ресурстарын сақтау жөнінде кешенді іс-шаралар қабылдауда.
Биыл елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейді. Сондай-ақ, Каспий аумағындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ететін болады.
Көктемгі су тасқыны кезінде Каспий теңізіне Жайық өзені арқылы шамамен 7,4 млрд текше метр су жіберілді. Осының нәтижесінде теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінің (Атырау облысы) деңгейі 119 см-ге көтерілді.
Сондай – ақ, Қазақстан Каспий теңізінің бірегей эндемикасы-Каспий итбалығын сақтау бойынша іс-шаралар қабылдап жатыр. 2020 жылы Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл Каспий итбалығының популяциясын сақтауға ықпал ететін қосымша шара, сондай-ақ болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру үшін маңызды дәлелдердің бірі болып табылады.
2014 жылғы 29 қыркүйекте Астрахань қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының төртінші саммиті барысында 2016 жылғы 24 мамырда күшіне енген Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылғанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстандағы кездесулердің бірінде Каспий маңы мемлекеттері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі Конвенцияны қабылдады, ол да осы бірегей теңіздің биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған.
2022 жылғы 29 маусымда Ашхабадта Каспий маңы мемлекеттері басшыларының алтыншы Каспий саммиті өтті, олар өзара қызығушылық тудыратын Каспийдегі бесжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.