Қазіргі кезде ең көп ұсыныс Жетісу ауданында, 24 қыркүйектегі мәлімет бойынша шамамен 700 өтінім түскен. Екінші орында Наурызбай ауданы, оның тұрғындары сайтқа 500 өтінім орналастырған.
Тұрғындар негізінен мына бағыттар бойынша жобалар ұсынады: күрке орнату және жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату, орындықтар, қоқыс жәшіктері, ойын және демалыс жабдықтары мен құрылғыларды қоғамдық орындарға орнату, аулаларды, көшелерді көгалдандыру және жарықтандыру.
2025 жылы "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша идеяларды жүзеге асыру үшін биыл 25 қыркүйекке дейін budget.open-almaty.kz порталында өтінім беру қажет.
Еске салсақ, аулаларды, көшелерді және қала аудандарын көріктендіру бойынша ұсынысты кез келген кәмелет жасқа толған тұрғындар бюджет қаржысы есебінен ұсына алады.
Байқау өтінім қабылдау, сараптамалық бағалау, жобаларды жетілдіру, түзетіліп, толықтырылған ұсыныстарды қарау, дауыс беру, дауыс беру нәтижесін қорытындылау, бюджеттік өтінімді қалыптастыру, жобаларды жүзеге асыру сынды 8 кезеңнен тұрады.
Өтінімде жобаның атауы, сипаттамасы, орналасқан жерінің мекенжайы, жобалық ұсыныстың шамамен алынған суреттері, схемасы немесе эскизі және сметасы болуға тиіс. Бір өтінімнің сомасы 92,3 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауы керек.
Жобалар мына санаттар бойынша қабылданады: көгалдандыру, тротуар салу және жөндеу, пандустар, арықтар, қоғамдық орындарды құру, жөндеу және жарықтандыру, жиектастарды, плиткаларды, тірек қабырғаларын жөндеу, қоқыстарды жою, күркелерді, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, балалар ойын жабдықтары мен ересектерге арналған демалыс аймақтарын орнату және жөндеу, аула аумақтары мен қоғамдық орындардағы спорттық немесе ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру, санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету.
Қалалық бағдарлама ережесі туралы толығырақ budget.open-almaty.kz интернет-порталынан оқи аласыз.