Ал Сайрам ауданында 6 блок-бекет орналастырылып, тәртіп сақшылары тәулік бойы тексеріс жүргізіп жатыр. Себебі Сайрам ауданы – облыстағы ауыл шаруашылығы өркендеген аудан. Ет өнімдерін өндіру мен мал бордақылауда алдыңғы қатарда. Десе де, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен кездесуде тұрғындар Қарабұлақтағы мал сою орындарында санитарлық талаптардың сақталмайтынын, соның салдарынан ауру тарап жатқанын айтып, дабыл қақты.
Тұрғындардың арыз-шағымын басшылыққа алғаноблыс әкімі Сайрам ауданындағы келеңсіздіктерді жою бағытында бірқатар тапсырмалар берді. Нәтижесінде аудандық прокуратура, полиция, жергілікті ветеринария қызметі мен басқа да тиісті сала мамандарынан арнайы топ құрылды. Осы блок-бекеттерге бөлінген тәртіп сақшылары күні-түні төлқұжаты жоқ төрт түліктерді, оларды тасымалдаушыларды, сатып алушыларды анықтап жатыр.
Ет және ет өнімдерін тасымалдау кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуын бақылауда Осылайша, блок-бекеттегі полиция қызметкерлері 245 көлікті тексерді, уақытша оқшаулау орындарына 513 бас ірі қара мал, 115 жылқы және 879 бас ұсақ мал орналастырылды. Сондай-ақ құжатсыз мал тасымалдаған 151 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар ҚР ІІМ-нің "Мүлікті қорғау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жоспарына сәйкес" полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізіп, блок-бекеттерде бақылауды күшейтті.
Ондағы басты мақсат – мал ұрлығының алдын алу, заңсыз жұмыс істеп жатқан мал сою бекеттерінің жұмысын тоқтату. Мал ұрлығына қарсы күресу – бүкіл қоғамға ортақ іс. Сондықтан полиция тұрғындарға тексерістерге түсіністікпен қарап, бірлесіп қызмет етуге шақырады.