Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды – екі апта сабақ бойы жалпы жағдайға кіріспе, қауіпсіздік шаралары, қару-жарақтың материалдық бөлігін үйрену, топография, тактикалық және медициналық дайындық сабақтары өтті. Жарыстың белсенді кезеңі 10-12 қазан аралығында өтті.
Биылғы жылы жарысқа 38 елден 100-ден астам команда қатысып, оның ішінде 12 үздік команда финалдық сынға шықты.
Сурет: ДШӘ
Құрамында 8 жауынгері бар Қазақстан командасы жауынгерлік міндеттерді орындай отырып, ұзындығы 70 шақырымнан асатын бағытты еңсерді. Жауынгерлердің әрқайсысы 30 келіден астам жүк көтерді. 48 сағат ішінде әскери қызметшілер химиялық және биологиялық қауіп-қатер кезіндегі іс-қимылды, шабуылдау операцияларын және жету қиын жерлерде бағдарлаумен қоса, күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Әр 8-10 шақырым сайын қатысушылар жауынгерлік машық пен төзімділікті көрсетуді қажет ететін жаңа тапсырмаларға тап болды.
Сурет: ДШӘ
Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері барлық сынақтарды ойдағыдай орындап, жақсы дайындық пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетті. Жарыстың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша қазақстандық команда қола жүлдеге лайық деп танылды.
Сурет: ДШӘ
"Кембрий патрулі" – 60 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан ең беделді және күрделі әскери жарыстардың бірі. Жыл сайын осы жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен әскери барлау бөлімшелерінің басын қосады. Бұл жарыс әскери шеберліктің көрсеткіші және қазақстандық әскери қызметшілердің машығы мен жауынгерлік дайындық деңгейінің жоғары екенін растады.