Францияға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сарапшылар цифрландырудың жаһандық "жылыстатуға қарсы" жүйеге әсерін және онлайн-казино мен маркетплейстердің АЖ/ТҚК мақсатында пайдалану қаупінің артуын талқылауда.
Сонымен қатар, онлайн-платформалардың көбеюі есірткінің заңсыз айналымы мен сыбайлас жемқорлық секілді қылмыстарда ақшаны жылыстатудың елеулі тәуекелдерін тудыратынына назар салынды.
Осы мақсатта ФАТФ жобалау тобы әлем елдерінің өкілдерімен бірлесе ұсыныс әзірлеп, мәселенің оң шешімін табуға бағытталған зерттеулер жүргізуде.
Сондай-ақ пленаралық отырыста Оман мен Аргентинаның АЖ/ТҚҚ ұлттық жүйелерінің ФАТФ стандарттарына сәйкестігі бойынша өзара бағалау есептері ұсынылды. Кездесу ФАТФ-тың жаңа президенті Элис де Анд Мадразо (Мексика) төрағалығымен өтуде.
Еске сала кетейік, былтыр маусым айында Қазақстан АЖ/ТҚК жүйесін Өзара бағалаудың екінші кезеңінен сәтті өтті. Бағалау қорытындысы бойынша еліміз "стандартты мониторингке" қойылды.
Айта кету керек, Агенттік ФАТФ жаһандық желісінде Қазақстанның мүшелігін нығайту жұмыстарын, оның ішінде заманауи технологияларды дамытуға қатысты саясатты қарқынды жүзеге асыруда. Мәселен, биыл маусым айында ҚМА ФАТФ-тың цифрлық активтердің тәуекелдері мәселелері жөніндегі Байланыс тобына енді.
Бұл елімізге өз тәжірибесіне сүйене отырып, заңсыз криптовалютаны пайдаланумен күрес мәселелерінде тиімді шешім ұсынуға мүмкіндік берді. Агенттік жаһандық жылыстатуға қарсы қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ел имиджін нығайту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
Анықтама: ФАТФ – ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық стандарттарынан тұратын АЖ/ТҚҚ саласындағы үкіметаралық ұйым.