Маңғыстаулық шаруалар жем-шөпке субсидия беруді сұрайды

Маңғыстаулық шаруалар мал азығына субсидия сұрайды. Себебі, өңірдің шөлейтті табиғатын ескерсек, төрт түлік бағу қып-қызыл шығын.

Аймаққа шөптің-80 пайызы ал, жем-100 пайыз өзге өңірлерден тасымалданады, сәйкессінше баға да қымбат. Сондықтан, алдағы қыстан мал аман шығу үшін мемлекеттің көмегі қажет дейді шаруалар.

Маңғыстау ауданының тұрғыны Сауалбек Жолбергенов шаруашылығында төрт түліктің бәрін түлетіп отыр. Шаруа қазір қыстың қамына кіріскен. Шамасы келгенше қоймасын жем-шөпке толтырып жатыр. 20 келі кебекті-1500 теңгеден, бір түк шөпті 600 теңгеден сатып алуда. Малды қыстан алып шығу үшін шамамен 1 мың түк шөп қажет, деп жазады qazaqstan.tv.

Сауалбек Жолбергеновтің шаруашылығына жақын жерде құдық бар. Сондықтан ол судан тарыққан емес. Ал, "Ескелді" шаруа қожалығында жем-шөптен кейінгі мәселе –су тапшылығы. Бәлибек Есенгелдиев тіршілік нәрін аудан орталығы Шетпеден тасымалдайды. Ол жер асты суын пайдалану үшін, әр метріне 17 мың теңге төлеп, 80 метр тереңдікке дейін құдық қаздырған, алайда су шықпаған.

Шаруаларға жем-шөптен бөлек, мал өнімдерін саудалау да өзекті болып тұр. Өткізу оңай болса, азық сатып алуға қаржы артылатын еді дейді олар.

Аймақта төрт түліктің өнімін қабылдайтын арнайы орындар жоқтың қасы. Мәселен, ет пен сүтті шаруалар әркім әрқалай тұрғындарға бөліп сатып отыр. Сол сияқты малдың жүнін тапсыратын да жер жоқ.

Ал, Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше, мал азығын субсидиялау төтенше жағдай жарияланғанда немесе аномальды табиғи жағдай туындағанда ғана беріледі. Бірақ, жуырда осы қағидаға өзгеріс енгізілген. Соған сәйкес, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Ұлытау өңірлеріндегі шаруаларға үкімет көмек бермек.

"Мысалы Маңғыстау облысы бойынша 1 млрд 200 млн теңге субсидия қарастырылған. Оның 392 млн- ы былтырғы өтінімдерден қалған резервтерге субсидия берілген. Қазіргі таңда облыс әкімінің қаулысы дайындалып жатыр. Осы қаулы бекітілгеннен кейін субсидия беріледі." Айдос Жақып, ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Яғни, шамамен бір айдан соң мал баққан шаруаға жем-шөп үшін демеу қаржы беріледі. Ал, шалғайдағы жайылымдық жерлерді игеруге және жер асты суын пайдалану мақсатында құдық қазуға кеткен шығынның жартысын ғана Үкімет өтеп береді. Ол үшін өтінім қаңтар айында қабылданады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: