Прокуратура мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде елімізде жасөспірімдер қылмысының тұрақты жоғары деңгейі байқалады (2022 жылы – 1 735, 13,5%-ға өссе, 2023 жылы – 1 925, 11%-ға өскен, а.ж. 9 айында – 1 267).
"Анықталған бұзушылықтардың нәтижелері бойынша Министрліктің атына балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тәсілдерді қайта қарау және "Заң және тәртіп" іргелі қағидатын іске асыруға бағытталған шараларды күшейту бойынша нақты ұсынымдармен ұсыныс енгізілді. Ұсынысты қарау қорытындысы бойынша Министрлік Бас прокуратураның ұсынымдарын қамтитын Жол картасын (51 іс-шараны қамтиды) әзірледі",- делінген ақпаратта.
Бас прокуратураның талабымен ОАМ-мен арнайы білім беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары институтын жаңғырту бойынша, сондай-ақ девиантты мінез-құлықтағы балаларды оңалту жөнінде кешенді бағдарлама әзірлеу бойынша жұмыс басталған.
"Барлығы осындай 5 мекеме жұмыс істейді (Алматы, Абай, ШҚО, Жамбыл, Маңғыстау), онда жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 11-18 жас аралығындағы шамамен 300 "қиын" жасөспірім қабылданады". Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Сонымен қатар, қадағалау органының пікірінше бұл ұйымдардың алдын алуға ықпал етуі асыра бағаланған, оған оқушылардың мекемеден жиі қашып кетуі, суицид әрекеттері, сондай-ақ қайталанатын қылмыстар, соның ішінде мекеме қабырғасында қайталанатын құқық бұзушылықтар дәлел.
Арнайы мектептердің әлсіз профилактикалық әсерімен, тиісті түрде материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етпеуімен қатар олардың бюджетке айтарлықтай салмақ түсіретіні белгілі болды.
Жыл сайын оларды ұстауға, оның ішінде қызметкерлердің еңбекақы қорына үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады.
Бұл ретте олардың тәрбиеленушілермен толықтырылуы орта есеппен 50%-дан аспайды.
"Осындай проблемалар кешкі мектеп жүйесінде де кездесуде, олар өзінің негізгі мақсаты – жұмыс істейтін жастарды оқытудан алшақтап, девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған мекемелерге айналған. Елімізде барлығы 63 кешкі мектеп жұмыс істейді, оның контингентінің жартысынан көбі кәмелетке толмағандарға тиесілі (4300)",- делінген ведомство ақпаратында.
Прокурорлық талдау көрсеткендей, өңірлерде үлгерімі нашар және заңды бұзған оқушыларды кешкі мектептерге мәжбүрлеп ауыстыру тәжірибесі әлі күнге дейін сақталған, кешкі мектептердің материалдық-техникалық жарақтандыруы әлсіз, педагогикалық құрамы жинақталмаған, онда профилактикалық жұмыстар жүргізілмейді.
Қадағалау актісі бойынша Министрлік кешкі мектептердің қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуде, оның қорытындысы бойынша Астана қаласы кешкі мектебінің базасында осы білім беру ұйымдарын трансформациялау бойынша пилотты жүргізу жоспарлануда (пилотты іске асыру 01.10.2025 жылға дейін).
Министрлік тарапынан тиісті үйлестіруді талап ететін тағы бір бағыт – қорғаншылық және қамқоршылық саласы.
ОАМ аталған бағытта бірқатар ұйымдастыру шараларын қабылдады – осы саладағы қызмет мамандарының штаты 200 бірлікке ұлғайды, қорғаншылыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды қатаңдата отырып, олардың қызметін ұйымдастыру қағидалары әзірленуде.
Тексеру бүгінде бір қызметкерге түсетін жүктеме 17 мың балаға жететінін, ал Астана, Алматы қалаларында, Шымкент, Алматы және Түркістан облыстарында30-дан 100 мыңға дейін жететінін көрсетті.
"Әлемдік стандарттарға сәйкес 1 қызметкерге жүктеме нормасы 5 мың баладан, ал ең прогрессивті елдерде – 1 мыңнан аспауы керек. Осы саладағы қызметкерлердің шамадан тыс жүктемесі олардың барлық кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуі және ұстауы жағдауларын бақылауға үлгермеуіне әкеледі. Тиісінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары көбінесе кеш анықталады. Жыл басынан бері асырап алынған балаларды ұрып-соғу және азаптау фактілері Шымкент қаласында, Ұлытау және Ақмола облыстарында тіркелген".Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Мәселен, Ақмола облысында ағымдағы жылдың сәуір айында патронат тәрбиешінің 5 баланы ұрып-соғу фактілері анықталған. Тергеп-тексеру барысында үш жылдан астам уақыт бұрын бір баланы өлтіру фактісі анықталған.
Ұлытау облысында балаларды фермада жұмыс істеуге мәжбүр еткен асырап алған ана 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы тұрғыда Бас прокуратура Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санының нормативтік заңнамалық тұрғыдан бекітуге қатысты бастамасын қолдайды.
Сонымен қатар Министрлік прокуратураның педагог-психологтардың қызметін күшейту қажеттілігіне қатысты ұсыныстарын қолдады. Атап айтқанда, педагог-психологтардың саны бойынша норматив заңнамалық тұрғыдан қайта қаралуда, мұнда 1 маманға жүктеме 500 оқушыдан аспауы тиіс.
Жалпы, Жол картасы Министрліктің басқа да бағыттары бойынша жұмыстарының тиімділігін арттырады деп күтілуде.
"Жыл соңына дейін девиантты мінез-құлқы бар балалардың "жағымды ортаға" бейімдеу бойынша жобаны іске асыру (беделді тәлімгерлерді бекіту, кадет сыныптарына және "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалыс клубтарына, Ұлттық ұланның "Жас бүркіт" және т.б. орналастыру), ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен және т.б. қамту мақсатында оларға тексеру жүргізу жоспарлануда",- деп түсіндірді ведомство.
Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде Министрліктің бөлімше басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.