Енді аялдамаға ілінген QR коды бар электронды стендтер арқылы автобуста немесе ауладағы орындықта тынығып отырып та кітап оқуға болады. Бұл уақытын тиімді пайдаланғысы келетін оқырмандар үшін ыңғайлы әрі оңай, деп жазады qazaqstan.tv.
"Осы жылғы менің ең тамаша жаңалығым осы QR арқылы кітапхана болды. Себебі, автобуста уақытымызды тиімді пайдалануымыз керек. Және де өзімізді рухани жағынан дамытамыз. Өзім осыдан бір кітап ашып көрдім. Оқылады екен."Жазира Нысанбай, студент
Электронды жүйенің тағы бір тиімді тұсы оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын бағамдап, сұранысқа ие шығармалардың рейтингісін жасауға болады. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері көркем туынды неше рет жүктеліп, оқылғандығын да біліп отырады.
"Бұл жерде жергілікті қаламгерлердің авторлық құқығы сақталған шығармаларын және де өлкетану бойынша біздің сирек кездесетін кітаптарымыз осы QR коды арқылы оқу мүмкіндігіне ие болған." Әйгерім Алдабергенова, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының сектор меңгерушісі
Мұнан бөлек көше бойларына қойылған кітап пішініндегі QR орындықтар да көпті елең еткізетін дүниеге айналды. Олардың әрбіріне бөлек атау берілген.
Әзірге QR коды бар электронды кітапхана сөрелері жоғары оқу орындарының төңірегі және халық көп жиналатын демалыс аймақтарының маңына жасақталуда. Болашақта шаһардың барлық аумағында пайда болады.